СҚО-да жылу-электр стансасындағы апаттан 50 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жауапты ведомство өңірдегі электр энергиясына қатысты жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, Петропавл 2-ЖЭС-да штаттан тыс жағдай болды. 12 қазандықтың екеуі істен шығып, жөнделіп жатыр. Соның салдарынан облыстың бірнеше ауданында, соның ішінде Петропавлда электр қуаты шектеулі түрде беріліп жатыр.

«Қазіргі уақытта бір қазандық жөнделіп, іске қосылды. Екіншісінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үшіншісі резервте тұрған, ол да істен шықты. Қазандықтарда мөлшерден артық қысым пайда болып, тесілген. Ал қысымның артуына турбоагрегаттың сынуы себеп болған.

«СевКазЭнерго» АҚ мәліметінше, сағат 22.00-ге дейін ақау жөнделіп, барлық аудандарға электр қуаты беріледі. Қазірдің өзінде екі ауданда жағдай дұрысталды. Тек көше жарығы ғана бүгін қосылмайды» - дейді Бақыт Ілиясов.

Қазіргі уақытта 145 елді мекенде жарық жоқ. Мұнда 37,5 мың ауыл халқы және 12 мың қала халқы тұрады. Сондай-ақ Петропавлдағы өнеркәсіптік аудандағы 250 заңды тұлға электр қуатынан ажыратылған.

Бұған дейін Петропавлдағы жылу-электр орталығында үш қазандықтың істен шығып, кей тұрғыдардың таңертеңнен бері электр қуатынсыз отырғанын айтқан едік.

Кей көп қабатты үйлерде қысымның жоқтығынан жылу беру нашарлаған. Энергетиктер қазіргі уақытта барлық күшті орталық жұмысын қалыпқа келтіруге жұмсаған.


Соңғы жаңалықтар