СҚО-да жылыту маусымы басталғалы 6 адам иіс тиіп уланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы 30 өрт тіркелді, қаза тапқандар жоқ, алайда 6 адам, соның ішінде 3 бала иіс тиіп уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жылыту маусымы басталғалы 6 адам иіс тиіп уланды

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, жыл басынан облыста 563 өрт тіркелген.

Салдарынан 33 адам қаза тауып, 16 адам жарақаттанды. 21 адам, соның ішінде 7 бала иіс тиіп, уланды. Келген материалдық шығын 420 млн теңгеден асады.

«Өрттің 74 % жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Өрттің шығуына пешті пайдалану ережелерін бұзу, уақытында тазартпау, сондай-ақ отпен абайсыз жұмыс істеу себеп. Жылыту маусымы басталғалы облыс аумағындағы тұрғын үй секторында 30 өрт тіркелді, қаза тапқан және жарақат алған адамдар тіркелмеді. Алайда, 6 адам иіс тиіп уланды, оның ішінде 3 бала бар», - дейді Дмитрий Растихин.

Осындай оқиғалардың бірі Қызылжар ауданы Якорь елді мекенінде болды.

Пештегі ақаудан үй иесі 1994 жылы туған келіншек пен оның 8, 7 және 4 жастағы үш баласы көмірқышқыл газына уланып қалды. Олар ауруханаға жатқызылды.

«Жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алу үшін департамент жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен, жергілікті полиция қызметімен бірге өрттің алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 58 мыңға жуық адамды қамти отырып, 28 мыңнан астам үйді аралап өттік, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіретін 52 мыңнан астам жадынама таратылды. Халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде 12 560 адам тұратын 4,5 мың баспана есепке алынған. Жылыту маусымы басталмай тұрып өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1040 үйден 2 мыңға жуық олқылық анықталды. Қазіргі уақытта 373 тұрғын үй кемшіліктерді жойған жоқ», - дейді Дмитрий Растихин.

СҚО-да маусым айынан бастап халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындардың үйлеріне 1131 өртке қарсы датчик орнатылды.

Жыл соңына дейін тағы 372 құрылғыны орнату жоспарланған.


Жапония премьер-министрі Конституцияға өзгерістер енгізу ниетін растады
Ұқсас жаңалықтар

Жапония премьер-министрі Конституцияға өзгерістер енгізу ниетін растады