СҚО-дағы Алтын орда дәуірі ескерткіштерін зерттеу сенсацияға айналуы ықтимал
АСТАНА. KAZINFORM – 2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында Алтын орда дәуірінің ескерткіші – «Қызыл оба» қорымын зерттеу жүргізіліп келеді. 2021 жылы-ақ аталған қорымның республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіліміне қосылу фактісінің өзі нысанның маңыздылығынан сыр шертсе керекті. Өйткені, аталған тізімге кіру үшін 3 жыл уақыт күту қажет болатын. Әзірше, «Қызыл оба» археологтер үшін үстін-үстін тосын сыйлар шығарып, түрлі сауал туындатып жатыр. Осы орайда Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және қолдану орталығының бөлім меңгерушісі Жанат Баймүсенов Kazinform агенттігі тілшісіне қазба жұмыстары мен артефактілерді табу қалай жүргізілгені жайлы айтып берді.
Тіпті сонау Ресей патшалығы кезіндегі дереккөздерде Уәлиханов ауданы аумағында жерлеу орындары екендігі айтылады. Ремизов, Фальк, Миллер бұл жерде ақсүйектердің қорымы бар екендігін айтып кеткен. Кейінірек бұл жайында Ахмет Байтұрсынұлы қалам тербесе, кеңес заманында бұл мәселемен Қазақ археологиясының негізін қалаған Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышев айналысқан еді.
«Қорым үш облыстың – Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының түйісінде, Сілеті өзені алқабында орналасқан. Бұл жер қиырына көз жетпес жазық дала, желі де қатты. 2019 жылы Павлодар педагогикалық институты Margulan Сentre мекемесінің жетекшісі Тимур Смағұлов М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен бірлесіп, қазба жұмыстарын бастап, жерлеу орнын тапқан-ды. Қазба жұмыстары қыркүйек айында қолға алынды. Жұмыстарды неліктен күзде бастау туралы шешім қабылданғанын түсіндіре де кетейін. Мазардың орнында шартты белгі тұрған еді. Ол опырылып құлаған кезе қуыс пайда болып, одан кірпіштер көрініп тұрды. Қаза бастаған кезде қабірге тап болдық. Орта жастаға ер адамның сүйегін, жанынан алтын сырға таптық», - деді Жанат Баймүсенов.
Қыста қазба жұмыстары тоқтатылды. Ал 2020 жылы тарихи нысан басындағы жұмыс толыққанды қолға алынды. Ескерткіштерді қорғау орталығының қызметкерлері екі апта ішінде шатыр лагерін құрып, кейіннен жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері мен Margulan Сentre қызметкері келді. Жан-жақтау қарау барысында аумақта 6 мазардың орналасқаны анықталды. Бастапқыда бірінші табылған жерлеу орнын зерттеу туралы шешім қабылданды. Ол көптеген тосын сыйға сеп әкеліп, біраз долбар мен болжамға да түрткі болды.
«Мазарды тазарту жұмыстарын бастаған кезде ғұрыптың қабаттан 12 см биіктіктегі кірпіштердің жақсы сақталғанын көрдік. Жерлеу орны толықтай қазылды. Сыртқы периметрі бойынша оның көлемі – 13,2х10,3. Сыртқа қарағанда – төртбұрышты, іші төртбұрышты – 5,9х5,9. Бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа – Меккеге қарай. Қабырғасының ені таң қалдырды – 120 см-ге жуық. Жерлеу едені төртбұрышы кірпішпен өрілген. Ішінде кірпішпен қаланған баспалдақпен түсетін 4 қабір табылды. Біреуі бұған дейін айтқанымдай ер адам, екіншісі – әйел адамға, қалғаны балаларға тиесілі. Балалардың бірі шамамен 13-14, ал екіншісі 7-9 жаста. Әйел кеудесіндегі сәбимен табылды. Жерлеу түріне қарағанда ер адамның ертерек жерленгенін байқауға болады. Сәбилі әйел мен балалар әртүрлі уақытта жерленген. Оның қабірінде ағаш қалдықтары пен металл бұрыштамалар қабылды. Бұл мүрде салынған табыттың ілініп тұрғанын білдіреді. Адам қыста өмірден озған кезде мүрдені табытқа салып, күн жылынып жерді қазуға мүмкіндік болатын көктем айы туғанға дейін іліп қоятын ғұрып болған. Олардың өмірден озуына қатысты түрлі нұсқа бар. Мазардың ұзақ сақталуы мен оның құрылымы ақсүйектер моласы екендігін білдіреді. Әйелден қола айна табылды. Балалардың бірінің белінен 1337 жылдары шығарылған 4 алтын тыйын табылды. Бұл Алтын орданы Өзбек хан билеген кезеңге тұспа-тұс келеді. Мүрделер кенеп қапта болуы, оның кейіннен шіріп кетуі де ықтимал. Мұнан бөлек, киімдерінен алтын жапсырмалар да болған. Тиындарды қазба жұмыстарының екінші айында таптық. Археологтардың қуанышында шек болған жоқ. Біз оның шығарылған мерзімін бірден байқап, сөз қай дәуір жайында болып отырғанын түсінеміз», - деді Жанат Баймүсенов.
Археологтер жерлеу орнынан табылған мұраның Алтын орда дәуіріне тиесілі екендігін кірпіштен бірден байқаған. Тек сол дәуірде ғана кірпішті шаршы пішінде құйған болатын. Олар өндіріс технологиясы бойынша бірегей саналады әрі күткеніңнен әлдеқайда жеңіл болып шығады. Мықты, ұзақ уақытқа төзімді әрі жақсы сақталады.
«Солтүстік Қазақстан – бұл негізінен жайлау, тұрақты қоныстар болмаған деген сенімді үйреніп қалғанбыз. Ал бұл жерден мазар табылып отыр. Оларды қыстауда немесе тұрақты тұратын жерде ғана тұрғызған. «Кірпішті қайда жасаған?», «Оларды қайдан алып келді?» деген сауалдарда бірден туындайды. Мазардан 50 метр жерде табиғи тереңдеу жер бар, оны қазақтар сай деп атайды. Оны зерттей келе, бір бөлігінің қолдан жасалғанын анықтадық. Формасы өте түзу болып шықты. Мазарды қазу барысында қабырғасының ортасында өте көп шығыр табылды. Оларды шой таспен толтыруға пайдаланған. Жасанды сайдың жанынан кірпіш сынықтары да табылды. Біз шығырды сайдан су алу үшін қолданылған дөңгелекте кәдеге жаратқан деген нұсқаға пейіл танытып отырмыз. 2022 жылы мақсатты түрде қоныс орындарын іздедік. Margulan Сentre тобы мазардан оңтүстікке қарай, Сілеті өзенінің бойында кірпіш құятын шеберхана орнын тапты. Оның ауданы өте көлемді. Бұл жайт шеберхананың бірнешеу болғандығын білдірсе керек. Пеш, оның негізін таптық. Сол жерден топырақ пен кірпіш шығаруға қажетті өзге де заттар алынған. Мазар мен шеберхана бар. Ал адамдар қайда тұрған? Биыл да іздеу жұмыстары жүргізіледі. Егер қоныс орнын табар болсақ, онда бұл Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең болары хақ. Өйткені, біз қалалар еліміздің тек оңтүстігінде болған дегенге ғана мойынсынып үйренгенбіз», - деді орталық өкілі.
Ғалымдардың болжамынша, дәл осы жерде Петропавл қаласынан 750 шақырым жерде, Сарыарқа төсінің ең қиыр солтүстік өлкесінде Алтын орданың әлі күнге беймәлім мәдени және саяси орталығы болған.
«2021 жылы ескерткіштерді музейге түрлендіру жұмыстары жүргізілген болатын. Сол уақытта біз қорым шаршы деп ойлаған едік. Қабырғасының ені, кірпіш пішіні және құрылыс түріне қарай ол Жошы хан, Әулиекөл кесенелеріне біршама ұқсас. Бұл жайт та қорымның ақсүйектерге тиесілі екендігін дәлелдейді. Дайындық барысында тұғырбет алаң таптық. Оның төменгі қабаты өңделмеген, ал төменгі қабаты күйдірілген кірпішпен өрілген. Барлық фактор жиынтығы мұның Шыңғыс ұрпағына тиесілі ақсүйектердің қорымы екендігін және Алтын орда солтүстік аймақта тек қана жайылым ретінде пайдаланбағандығын білдіреді. Мүмкін, бұл оның беймәлім және саяси орталығы шығар», - деп атап өтеді ол.
Тағы бір қызықты факті – мазар Мекке жаққа қарап тұр. Бұл - Исламға тән дүниелердің бірі. Дегенмен, табылған артефактілер пұтқа табынушылық болғанын айғақтайды. О дүниеде қажет болатын немесе ол жаққа өтуге септігін тигізетін заттар бірге жерленген. Ал Исламда өлген адамның қабіріне бөгде заттар салуға болмайды. Бәлкім пұтқа табынушылықтан толық арылмаған, дегенмен Исламға көшу енді басталған көшпелі кезең болуы да ықтимал.
«Қызыл обаның» тағы бір құпиясы – археологтардың қабырғаның жоғары жағынан есік орнын таба алмауы. Не ол тым жоғарыда, не шағын есік түрінде болған немесе адамдар мүрдені жерлеп, үстінен мазар салған.
«Қазір мазардың үстінде ангар сияқты құрылыс тұр. Біз ескерткіштің сақталғанын қалап отырмыз. Және де оған мүмкіндік болды. Бір кездері сыртқы факторлардың әсерінен қорғау үшін жаптық та, ғалымдар да, туристер де қабырғасын бүлдірмеуі үшін ішіне баспалдақ жасадық. Ангардың ескерткіші еш зияны жоқ. Бұл мазарды барынша сақтауға септігін тигізді. Ол жерде мазар әлі бар. кірпіштен салынған белгісіз жерүсті құрылысын таптық. Ескерткішті Ботай сияқты ұзақ зерттеуге тура келетін шығар», - деп есептейді Жанат Баймүсенов.
«Қызыл обаның» археологиялық құндылығы жайлы бұған дейін археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Археология оқу-ғылыми орталығының жетекшісі Анатолий Плешаков та айтқан болатын. Ол ауқымды қазба жұмысын жүргізу қажеттігіне назар аудартқан-ды.
«Сол бір кезеңді түсіну үшін ауқымды қазба жұмысын жүргізу қажет. Ол жайында біз өзге аумақтарды зерттеуден білеміз. Ендігі уақытта облысымызда да тереңірек білу мүмкіндігі туып отыр. Бұл ауқымды қазба болады. Біздің тапқанымыз – бұл тек бастамасы, ол жақта істелінуі тиіс дүниенің бір түйірі ғана», - деді ғалым.