СҚО-дағы ауылдардың 93 пайызына интернет қолжетімді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жылдың соңына дейін 1 255 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған.

СҚО-дағы ауылдардың 93 пайызына интернет қолжетімді
Фото: Kazinform/ЖИ

СҚО әкімдігінде өңірде цифрландыруды дамытудың алдағы жоспарлары қаралды. Облыста былтыр 2026-2030 жылдарға арналған цифрлық даму стратегиясы қабылданды. Биыл жалпыұлттық Digital Qazaqstan стратегиясы іске қосылды. Оның аясында өңірде заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып келеді. 

Негізгі міндеттердің бірі — елді мекендерді сапалы байланыспен қамту. Бүгінде облыстағы 590 ауылдың 548-і интернетке қосылған. 70 елді мекенде спутниктік интернет жұмыс істеп тұр. Байланыс сапасы мен интернет жылдамдығын арттыру үшін биыл 1 255 км, келесі жылы 1 899 км талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. 2030 жылға дейін тағы 280 ауылды 4G желісіне қосылмақ.

— Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында цифрлық сервистер жұмыс істейді. Облыста «SQO qyzmet» порталы, коммуналдық желілерді бақылауға арналған «SCADA» жүйесі және 109 қызметі бар. 109 қызметінің жұмысын облыс аудандарында да қолжетімді болуын тапсырдым. Бұл тұрғындармен кері байланысты жеңілдетіп, келіп түскен өтініштерді жинақтауға және оларды одан әрі талдауға мүмкіндік береді, — дейді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Мамандардың айтуынша, адами капиталды дамыту бағытында Digital Aimaq жобасы аясында облыста ауылдық және аудандық 16 IT-орталық жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың қызметі IT мамандарын оқытумен қатар, жергілікті бизнеске цифрлық қызмет көрсетуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Жыл соңына дейін тағы төрт IT-орталық ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда аумағы 1 мың шаршы метр болатын ірі

IT-технопарк құру жоспарланған.

Цифрландыру ауыл шаруашылығында да кеңінен қолданылып келеді. Осы саладағы кәсіпорындарының 87% өз жұмысына цифрлық технологияларды енгізген. Енді Smart Data Agro және Smart Farm платформаларын енгізу, ал аудан орталықтарында 11 базалық цифрлық бастаманы жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында аудандық қызметтерді бірыңғай жүйелерге қосу және IT-орталықтарды жергілікті кәсіпкерлікпен байланыстыру бар.

Бұған дейін Орталық Азияның үш елі өнеркәсіпті экологиялық бақылаудың цифрлық құралдарын бірлесе әзірлеуге келіскенін жазған едік.