СҚО-дағы балабақшалардың бірінде бюджеттен 11,2 млн теңге ұрланған

СҚО-да прокурорлар балабақшаларды тексеріп, 17 млн теңгені бюджетке қайтарды
Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары балабақшаларда балалардың құқығы бұзылғанын анықтады.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдарды тексеру нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру деректері, санитарлық және өртке қарсы ережелерді сақтамау фактілері анықталды. Айыртау ауданындағы мектепке дейінгі мекемеде 11,2 млн теңге сомасында бюджет қаражаты ұрланған. Аудандық прокуратура «Сенiп тапсырылған біреудің мүлкін иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Аққайың, Тайынша аудандарының балабақшаларында мемлекеттік тапсырыс туралы заң талаптарына қайшы, іс жүзінде балабақшада болмаған балаларға қызмет көрсету үшін ақы төленген. Яғни тәрбиеленушінің ауырғаны туралы медициналық анықтама немесе ата-анасынан арыз болмаған. Салдарынан бюджеттен 17 миллион теңге қаражат негізсіз алынған.

Облыстағы барлық дерлік балабақшаларда санитарлық және өртке қарсы ережелер сақталмаған. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 11 лауазымды тұлға тәртіптік және 32-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 17 млн теңге сомасындағы бюджет қаражаты өтеліп, заңбұзушылық жойылды.

Жалпы, жыл басынан бері прокуратура 15 мың баланың құқығын қорғап, нәтижесінде 300-ден астам лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін Петропавлда әріптесін абайсызда атып өлтірген әскери қызметшінің 2 жылға сотталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар