СҚО-дағы Большой Изюм елді мекенінде бұршақ пен дауыл үйлерді зақымдап, бағандарды құлатты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Большой Изюм елді мекенінде ауа райының салдарымен күресіп жатыр.

Тайынша ауданындағы ауылда кеше сағат 17.00 шамасында дауыл тұрып, жаңбыр аралас ірі бұршақ жауған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, табиғаттың бұл құбылысы 2-3 минутқа ғана созылғанымен, айтарлықтай зиян келтіріп үлгерді. Кей тұрғындардың шатырын жұлып әкеткен, енді бірінің қоршауын зақымдаған. Көпшілігінің бақшасындағы өскіндері бүлінді. Электр желілері үзіліп, ауыл жарықсыз қалды.
Большой Изюм ауылдық округінің әкімі Талғат Жүсіповтың айтуынша, елді мекенде 8 үйге зақым келді, көпшілігінің шатыры тесілді, кейбірінікін ұшырып әкеткен.

- Қазақтелекомның үш бағанын құлатты. Қазір мамандар жөндеп жатыр. Электр желілері үзілген еді, оны жөндеп кетті, - дейді Талғат Жүсіпов.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, ертең 14 маусымда күндіз облыстың батысында, солтүстігінде қатты жаңбыр күтіледі. Түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында найзағай ойнап, күндіз өңірдің батысында, солтүстігінде бұршақ жаумақ. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде тұман, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с жел тұрмақ.

Петропавлда да найзағай ойнап, күндіз бұршақ жауады деген болжам бар. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетпек.
Бұған дейін Петропавлда жұмысшы ЖЭО-2 аумағында жоғарыдан құлап кеткенін жазған едік.
