СҚО-дағы боран: 9 елді мекен 6 күннен бері жарықсыз отыр

Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан электр желілері үзілген елді мекендердің тоғызы әлі күнге жарықсыз отыр. Энергетиктер бұл ауылдарға бүгін кешкі сағат 21.00-ге дейін электр қуатын қосуға уәде етті, деп хабарлайды Kazinform.

жарық жоқ
Фото: Рixabay

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Аққайың, М.Жұмабаев және Есіл аудандарында 803 тұрғыны бар 9 елді мекен жарықсыз отыр. Мәселені шешу үшін оқиға орнында компанияның 41 бригадасы, 55 арнайы техникасы жұмыс істеп жатыр.

«М.Жұмабаев ауданындағы жоғары вольтты 110 кВ «ПЖЭО-2-Булаев-мұнай» тіреуішін ауыстырып, жаңасын орнату қиындық тудырып жатыр. Естеріңізге салайық, 18 қараша күні боран салдарынан бірнеше метрлік металл діңгектің басы құлаған еді. Аудан тұтынушыларын уақытша басқа электрмен қамту желілеріне қостық.

Ескі металл тіреуішті толық бұзып алып, оның орнына темірбетон екі жаңа тіреуіш қоюға шешім қабылданды. Қазіргі уақытта бригадалар сынып түскен дігекті бұзды. Жаңа темірбетон тіреуіштерді орнатып, оларды найзағайдан қорғайтын болатарқандармен бекітті», – делінген хабарламада.

Энергетиктер ауа райы мүмкіндік берген жағдайда елді мекендерді электр желілеріне қосу жұмыстарын бүгін, сағат 21.00-ге дейін аяқтамақ.

Бұған дейін боранның салдарынан СҚО-да 200-ге жуық елді мекеннің жарықсыз қалғанын жазған едік. СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин қазіргі уақытта өңірде электр желілерінің 95% тозығы жеткенін хабарлады.