СҚО-дағы ең ірі салық төлеушілер кімдер
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жарты жылда салық және басқа міндетті түсімдер есебінен мемлекеттік бюджетке 91,8 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен бір млрд теңгеге артық.

СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қаражаттың 30 млрд теңгеге жуығы республикалық қазынаға кетсе, қалғаны жергілікті бюджетке түскен. Жергілікті бюджетке түсімдер өскен, ол 6,1 млрд теңгеге немесе 10,9%-ға артқан.
СҚО-да республикалық мониторингіде тұрған екі ірі салық төлеуші бар. Олар Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің 300-дігіне кіреді. Соның бірі – Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі – «Ресей темір жолдары» ААҚ филиалы. Екіншісі – «СевКазЭнерго» АҚ.
Облыстың осы екі ірі кәсіпорынынан бюджетке 5,7 млрд теңге түседі. Бұл барлық түсім үлесінің 6,1%-ына тең. Соның ішінде, Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінен өткен жарты жылда 3,4 млрд теңге, «СевКазЭнерго» АҚ – 2,3 млрд теңге түскен.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы ақпарат бойынша СҚО-да 11 431 заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде шағын бизнестің үлесі жоғары – 11 173. Орта бизнес субъектілерінің саны 200 болса, өңірде 58 ірі кәсіпорын тіркелген. Алайда барлық тіркелген заңды тұлғаның тек 9 655-і ғана жұмыс істеп жатыр. Екі мыңға жуық шағын бизнес тек қағаз жүзінде ғана тұр.
Бұған дейін СҚО-да зейнетақы жинағының шекті сомадан асқан бөлігін тұрғындар негізінен баспана алуға жұмсағанын жазған едік.