СҚО-дағы ерлер колониясында еш жерде баламасы жоқ екі қабатты тігін цехы ашылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесінде модульдік ғимарат пайдалануға берілді.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қабатты модульдік ғимаратта «Еңбек-Қызылжар» РМК-ның тігін цехы мен оқу сыныбы орналасқан. Нәтижесінде бұл нысанда 80 сотталған жұмыспен қамтылмақ.

Ғимарат 450 шаршы метрді алып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін модульдік ғимаратта барлық қажетті жабдықтар орнатылды. Сонымен қатар, жұмысшыларды, яғни тігіншілік дағдылары бар 18 сотталған іріктеу арқылы жұмысқа алынды. Жақын арада тағы 60 адамды өндіріске тарту жоспарланған.
«Осындай модульдік ғимаратты біз бірінші болып қолданып жатырмыз, яғни республика бойынша баламасы жоқ. Ерекшелігі - бұл нысан тез жиналып, құрастырылады. Керек болған жағдайда оны бөлшектеп жаңадан кез-келген жерде тұрғызуға болады.
Бірінші қабатта тігін машинкалары орналасқан, ал екінші қабатта оқу сыныбы бар. Оқыту дуалды жүйе бойынша жүзеге асырылады. Сотталғандар бірден теорияда алған білімдерін бірінші қабатқа түсіп, пысықтап, қолдана алады», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Мұрат Нәкенов.

Тігін цехының ашылу салтанатына келгендер нысанды аралап, жасалған жағдайды көрді.
«Жол картасының іс-шараларын орындау аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мекеме аумағында алғаш рет осындай ірі жобаны іске асыру мүмкін болып отыр. Жоба білікті кадрларды даярлау және сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылды», - дейді Мұрат Нәкенов.
Мекеме аумағында барлығы 7 жеке кәсіпкер жұмыс істеп, сотталғандарды еңбекпен қамтып отыр. Олар күнбағыс майын шығарады, жұмсақ жиһаздарды жинаумен, ат әбзелдерін, ағаштан жасалған құрылыс материалдарын жасаумен, көкөністер өсірумен және макулатураны қайта сұрыптаумен айналысады Бүгінгі таңда мекемеде 126 сотталған жұмысқа орналастырылған.
Бұған дейін СҚО-да биыл зорлық-зомбылыққа қатысты 12 бала отбасынан алынғанын жазған едік.