СҚО-дағы Сергеев су қоймасы 98 пайызға толған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны наурыздың үшінші онкүндігінде және сәуірдің басында басталады деп болжанған.

су қоймасы
Фото: ҚР Үкіметі

Бұл туралы «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова мәлім етті.

Облыс аумағында қазір 27 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Оның 19-ы тұрақты, ал сегізі 1 ақпаннан бастап іске қосылып, ақпан-мамыр айлары аралығында қолданылады.

- Бүгінде өзендердің қысқы су деңгейі былтырғы көрсеткіштерден 3-21 см төмен. Ал Сергеев су қоймасы 98% толған. Шағын өзендерде мұздың қалыңдығы 7-93 см аралығында болса, Есіл өзенінде 49-74 см. Ал Сергеев су қоймасында 86 см жеткен. Бұл өткен жылғы мәндерден тиісінше 15 және 18 см артық. Яғни мұз кептелісі болған жағдайда су жайылу аумағы күрт ұлғаюы мүмкін, - дейді Қымбат Мерғалимова.

Су тасқынының болуына әсер ететін метеорологиялық көрсеткіштердің бірі – топырақтағы күзгі ылғал қоры, ол нормадан биыл 24-74% жоғары, ал кей жерлерде екі еседен астам артық жиналған. Сондай-ақ, топырақтың қату тереңдігі 67–150 см аралығында, бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары.

- Биыл қардағы су қоры көпжылдық көрсеткіштен 26-48% төмен, ал былтырғы жылмен салыстырғанда облыстың көп бөлігінде 45% аз. Қаңтар айында жыраларды зерттеу нәтижесі қар қоры өткен жылмен салыстырғанда 33-49% кем екенін көрсетті. Еріген қар суы мөлшері Уәлиханов ауданында өткен жылмен салыстырғанда 25% дейін артуы мүмкін. Облыстың орталық бөлігінде көрсеткіш былтырғы деңгейге жуық болады. Ал солтүстік-батыс аудандарда 21% дейін төмен болуы ықтимал, - дейді филиал директоры.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, Сергеев су қоймасына келетін су көлемі 2 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл қалыпты деңгейден 1,5 есе жоғары, бірақ былтырғыдан 2,5 есе аз.

- Көпжылдық гидрологиялық деректерді, жауын-шашын көлемін, топырақтың ылғалдылығы мен қату тереңдігін ескере отырып қауіпті аумақтарды үш санатқа бөлдік. Жоғары тәуекел учаскелеріне Ғ. Мүсірепов атындағы аудан, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл енді. Орташа тәуекел аймағында – Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев және Айыртау аудандары. Төмен тәуекел санатына Мамлют, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Аққайың аудандары енгізілді, - дейді Қымбат Мерғалимова.

Бұған дейін Павлодар облысында 45 ауыл ойпаң жерде орналасып, көктемде су басу қаупі бар екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум