СҚО-дағы Сергеев су қоймасы толуға жақын

СҚО
Фото: qyzyljarnews.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл және шағын өзендердің су деңгейі көтеріліп жатыр. Сергеев су қоймасы бүгінде 94 % толған.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылы жанынан өтетін Есіл өзенінің дейгейі өткен тәулікте тағы 105 см-ге көтерілген. Осылайша тереңдігі 710 см-ге жетті. Мұндағы қауіпті деңгей – 1800 см.

Крещенка елді мекенінің маңында да Есіл өзенінің суы молайып жатыр, бір тәулікте көрсеткіш 52 см артты.

Иманбұрлық өзенінің де суы толып келеді. Бір тәулікте Соколовка елді мекенінің маңында оның деңгейі 71 см-ге көтерілген.

Рузаевка елді мекеніндегі гидрологиялық бекет Шарық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 45 см-ге артқанын көрсетті.

Шал ақын ауданында орналасқан Сергеев су қоймасында су деңгейі 34 см-ге көтерілді. Осылайша бөген бүгінде 94% толған.

Петропавл маңында Есіл өзенінің су деңгейі 4 см-ге артты.

Бұған дейін Петропавлдағы Заречный кентіндегі бөгет әскерилердің көмегімен нығайтылып жатқанын айтқан едік. 

Жалпы, СҚО-да ең үлкен су тасқыны 2017 жылы болды. Осы уақытта Сергеев су қоймасынан тасыған судың биіктігі 3 метрден асып кеткен еді.

Соңғы жаңалықтар