СҚО-дағы Сергеев су қоймасының су деңгейі түсіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында шағын өзендерде су деңгейі төмендеп жатыр, яғни енді олардан келер қауіп жоқ. Есіл өзенінде де жағдай әзірге тұрақты. 

СҚО-дағы Сергеев су қоймасының су деңгейі түсіп жатыр
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Гусаковка елді мекені маңында Бабық Бұрлық өзені бір тәулікте 118 см-ге төмендеді. Возвышенка елді мекені жанында Аққанбұрлық өзенінің су деңгейі 46 см-ге төмендеген. Шарық, Мұққыр, Иманбұрлық өзендерінде де бірнеше күннен бері деңгейі түсіп жатыр.

Есіл өзені Шөптікөл ауылының маңында – 62 см-ге, Дружба елді мекені тұсында – 90 см-ге, Тоқсан би ауылы маңында - 46 см-ге, ал Сергеевка қаласы маңында 44 см-ге төмендеді. 

Покровка ауылынан төмен қарай өзеннің су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр. Мәселен Покровка ауылы тұсында 82 см-ге, Новоникольское елді мекені маңында 69 см-ге көтерілген. Бірақ бұл өзгеріс Есіл арнасынан шығардай қауіпті емес.

су қоймасы
Фото: «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы

Сергеевка су қоймасында да бірнеше күннен бері су деңгейі түсіп келеді. Өткен тәулікте 13 см-ге төмендеді, қазір жотасынан асып төгілу биіктігі – 108 см. Гидрологиялық нысан 119%-ға толған. 

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биылғы жағдай қолайлы. Былтыр осы уақытта Сергеев су қоймасының жотасынан асып төгілу биіктігі 144 см болып, су торабы 126%-ға толған еді. Ал 2024 жылы 9 сәуір күні Сергеев гидроторабының жотасынан тасыған судың биіктігі 425 см-ге жеткен еді. 

Бұған дейін Созақ ауданына қоршаған ортаны сақтау үшін 1 млрд текше метрге жуық су жіберілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар