СҚО-дағы Сергеев су қоймасы 120 пайызға толып, тасып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы тасып, бөгет жотасынан асқан су деңгейі 111 см-ге жетті. 

Сергеевка
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, гидрологиялық тораптағы су деңгейі бір тәулікте 26 см-ге жоғарылаған. Ал Сергеевка қаласы жанында Есіл өзенінің деңгейі 2 метр 7 см көтеріліп, 642 см-ге жетті. Десек те, қауіпті деңгейге дейін әлі сонша керек.

Облыс аумағында Есіл өзені басталатын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда су деңгейі түсіп жатыр. Шөптікөл ауылының маңында шамамен 1 метрге, Дружба елді мекені жанында 38 см-ге, Тоқсан би ауылының маңында 20 см-ге төмендеді. Шағын өзендерде бірнеше күннен бері су деңгейі түсіп келеді.

Ал Есіл ауданындағы Покровка, Николаевка елді мекендерінде өзен суының деңгейі 85 см-ге көтерілген.

Мамандар 6-8 сәуір аралығында Ғабит Мүсірепов, Шал ақын Есіл және Қызылжар аудандарында су деңгейінің әлі де көтерілетінін ескертіп жатыр.

Бұған дейін Ақмола облысында су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауға алынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар