СҚО-дағы 9 блокпосқа полицияның 43 қызметкері күнделікті кезекшілікке түседі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 9 блокпост және 4 санитарлық бекет қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 блокпосқа полицияның 43 қызметкері күнделікті кезекшілікке түседі. Блок-бекеттердің 5-уі Петропавл қаласының аумағында қойылған. Қалған 4-уі Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Аққайың аудандарында жұмыс істеп жатыр.
Полицейлер медициналық қызметкерлермен екі ауысымда 20 сағатқа – таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін кезекшілікке түседі. Петропавлға кіреберіс, көлік ағыны көп Бескөл ауылының маңында бірден 6 тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Ал қалған бекеттерде екі адамнан кезекшілік атқарады.

Бұдан басқа тағы 4 санитарлық пост ашылған. Олар Есіл, Ақжар, Уәлиханов аудандарында орналасқан. Тағы үшеуі Ресеймен шекарада жұмыс істейді.
Облыс орталығында блокпост қойылған 9 қарашадан бастап полицейлер 22 266 көлікті тексерген. Оның 12 мыңға жуығы Петропавлға кірсе, 6,5 мыңнан астам шыққан. Ал 3720 автокөлік транзитпен өткен.
«Облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес арнайы қызметтердің көліктері еш кедергісіз блок-посттардан өтеді. Олардың қатарында медициналық тексерілуге келгендер мен қалада жұмыс істейтіндігін растайтын анықтамасы бар тұрғындар. Қалғандары тек ПТР тесттің қорытындысымен ғана облыс орталығына кіріп-шыға алады», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

