СҚО-дағы қолданыстан шыққан уран кеніштері тұрғындарға қауіп төндіруде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экологтар жергілікті билік өкілдерімен бірге пайдаланылған уран кеніштерін аралап, қауіпті нысандардың қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде қолданыстан шыққан 6 уран кеніші бар. Олардың барлығында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жұмыс тоқтады. Алайда, уран өндірілмегенімен тұрғындарға келер қауіп әлі де зор. Кеніштердің аумағында аузы ашық құдықтар бар, сондай-ақ мұнда радиация мөлшері шамадан тыс көп. Қоршалып, күзетілуі тиіс нысандар ашық-шашық жатыр. Ауылдықтар қоршауларын бұзып әкеткен.

Осындай мәселелерді ел бойынша шешу мақсатында ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен 2018 жылы іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Пайдаланылған кеніштерге бөгде адамдардың кіруін болдырмау мақсатында 11 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілген. Ғабит Мүсірепов ауданында оның төртеуі, Айыртау ауданында тоғызы орындалмаған. Ең алдымен қоршап, ескерту белгілерін қою қажет. Бұл кеніштер иесіз қалғаннан кейін талан-таражға түсті», - дейді СҚО экология департаментінің басшысы Ерболат Омаров.

Грачевский кен орны 1965 жылы ашылған. Оның аумағында 14 ғимарат, соның ішінде жақын маңдағы елдімекендерді жылумен қамтыған қазандығы болған. 1998 жылы кеніштің жұмысы тоқтатылды, алайда, біржолата жабылған жоқ.

Экологтардың айтуынша, осыдан 5 жыл бұрын Грачевский кен орнындағы шахталық құдықтарда радиация тиісті мөлшерден 5 есе артық болған. Бұл жолы кеніште де, санитарлық-қорғаныс аймағында да оның деңгейі қалыпты мөлшерден аспады.

Айыртау аудандық әкімдігі кен орнын коммуналдық меншікке өткізбек.

«Жобалық-сметалық құжатты әзірлеу үшін қомақты сома қажет. Мәселе қоршауда ғана емес. Бұл жерде 14 нысан. Оның барлығын қалай жабамыз. Мемлекеттік акті мен техқұжатты әзірлеуге 3 млн теңге қажет. Қоршауды да қоярмыз. Бірақ кейін оны күзетіп, талапқа сай ұстау керек қой», - дейді Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Едрес Жанапин.

Тексеріс жүргізген экологтар екі ауданның әкімдігіне іс-шаралар жоспарын жыл соңына дейін толық орындауға уақыт берді.


Соңғы жаңалықтар