СҚО-дағы көрмеде көпшілік назарына мамонттардың сүйектері ұсынылуда (ФОТО)
Бұл жолғы көрмеде география ғылымы мен Есiл өңiрiнiң табиғатын зерттеген ғалымдар жұмыстары қамтылған. Мұнда келушiлер ежелгi жер шарында мекен ететiн халықтардың, тiрi ағзалардың пайда болу тарихымен танысуға мүмкiндiк алды. Көрмеге жалпы саны 300-ден аса жәдiгер қойылған.
- Бұл көрменi облыстық тарихи-өлкетану мұражайының табиғат бөлiмi қызметкерлерi мен Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң география және биология кафедрасының оқытушылары ұйымдастырды. Экспонаттарға тоқталар болсақ, көптеген картографиялық материалдар, әлем, жарты шар картасы мен Айдың картасы көрсетiлген, - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының табиғат бөлiмiнiң меңгерушiсi Людмила Фельк. Сондай-ақ көрмеде жергiлiктi университеттiң биология кафедрасының ғалымдары түрi мен түсi, тұқымы әралуан көбелектердi ұсынып отыр. Табиғат аясында бұл көбелектердiң бiрiн күндiз, ал енді бірін тек түнде ғана көруге болады. - Мұнда көбелектердiң 70 шақты түрi қойылған. Жәндiктердi жинауға бiрнеше жыл уақыт кеттi. Мұндай көбелектер келушiлерге қызық болады деген үмiттемiн, - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ география және биология кафедрасының оқытушысы Иван Зубань Сондай-ақ экспонаттар топтамасында палеонтологиялық жәдiгерлер, соның iшiнде мамонттардың қабырғасы, жауырыны мен кiшкентай мамонттың төменгi жақ сүйегi қойылған. Ал көрменiң тағы бiр бөлiгi өңiр географиясын зерттеушiлерге арналған. Бұл жерде негiзiнен облыстағы пайдалы қазбалар, топонимика бойынша құнды мәлiметтер, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi туралы ақпараттарды алуға болады. Көрменi солүстiкқазақстандықтар наурыз айының 15-іне дейiн тамашалай алады.