СҚО-да Sincere Systems Group қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында «Sincere Systems Group» қаржылық пирамидасының заңсыз қызметі әшкере болды.

ШҚО-да екі қаржы пирамидасына кірген 250 адам 400 млн теңге шығынға батты
Фото: Александр Павский/Kazinform

Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, аталған ұйым 2022–2023 жылдар аралығында жұмыс істеген. Қазіргі таңда «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру мен басқаруға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Тергеу барысында компанияның Қазақстанда тіркелмегені және ешқандай лицензиясыз әрекет еткені анықталған. Банк қызметін және банктік операцияларды атқаруға рұқсаты жоқ. Сонымен қатар, «Sincere Systems Group» өзін Ұлыбританиялық инвестициялық қор ретінде көрсетіп, азаматтарға «Forex Market» нарығында инвестиция салуға ұсыныс жасаған. Салымның ең төменгі мөлшері – 100 АҚШ доллары.

Инвесторлардың сеніміне кіру мақсатында компания «backoffice.s-group.io» деген сайт арқылы әр клиентке жеке ID тіркеп, виртуалды шоттарға жалған қаражат енгізіп отырған. Бұл сайттың негізгі мақсаты – салымдарды тіркеу және жаңа қатысушыларды тарту болған.

Қазіргі уақытта СҚО аумағында осы пирамидаға қаржы салған төрт салымшы анықталды.

Жалпы келтірілген шығын көлемі – 14 млн теңгеге жуық. Дегенмен, қабылданған шаралардың нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығын толығымен өтелді. 

Департамент мамандары осы қаржы пирамидасынан зардап шеккен өзге азаматтарды ресми өтінішпен жүгінуге болатынын ескертеді. 

Бұған дейін Қарағандыда «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар