СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Ауыл шаруашылығы саласы әсіресе астықты өңір Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше маңызды. Алайда экономикалық өсіммен қатар экологиялық мәселелер де жылдан жылға көбейіп келеді. Олар – топырақтың тозуы, су ресурстарының сарқылуы, биологиялық әртүрліліктің төмендеуі. Бұл ауыл шаруашылығына деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауды қажет етіп отыр.

СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды
Фото: Андрей Стрелец

Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық сын-қатерлері

Солтүстік Қазақстан – тәуекелді егіншілік аймағы. Климаттың өзгеру салдарынан жауын-шашын мөлшері азайып, қуаңшылық жиілеп, шөлейттену үдерісі жүріп жатыр. Бұған қоса, ұзақ жылдар бойы химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану мен техниканың қарқынды пайдаланылуы топырақ сапасының нашарлауына және кейбір аумақтарда өнімділіктің төмендеуіне әкеп соқты. Мұндай жағдайда экстенсивті шаруашылық, яғни сападан гөрі санға басымдық беруден экологиялық тұрғыдан теңгерімді тәсілдерге көшу қажеттігі артып отыр.

Цифрландыру және дәл егіншілік

СҚО-дағы бірқатар шаруашылықта дәл егіншіліктің элементтері енгізіліп жатыр. Бүгінде дрондар мен спутниктік суреттерге негізделген мониторинг жүйесін қолданылатын болған. Бұл жүйе егістік алқаптарының жағдайын бақылауға, өнімділікті болжауға және тыңайтқыш мөлшерін жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде химикаттарды пайдалану 20%-ға дейін азайып, топырақ пен су ресурстарына түсетін жүктеме төмендейді.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – өңірді дамытудың негізгі векторларының бірі. Бұл ауа райының әсерін азайтуға және біртіндеп дәл егіншілікке көшуге көп көмектеседі.

Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жоғары өнім алып, еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Соның ішінде GPS-навигациясы, жанар-жағар май шығынын өлшейтін датчиктерді қолдану, алқаптардың электрондық карталарын, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалану да бар.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру тиімді басқаруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадамға айналған. Қазіргі уақытта 244 шаруашылықтың 89-ын – цифрлық, 106-сын – озық, 49-ын – базалық деп жіктеуге болады. Бұл – өңірдегі шаруашылықтардың едәуір бөлігі басқару, есепке алу және талдау процестерін жақсартуда заманауи технологияларды енгізіп жатқанын білдіреді, - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқкужинов.

СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды
Фото: Андрей Стрелец

Экожүйеге негізделген агротехнологиялар

Өңір фермерлері өсімдіктерді қорғаудың биологиялық баламаларына көше бастады. 

2011 жылы Есіл ауданы Покровка ауылында құрылған «Стрелец» жеке кәсіпкерлігі картоп өсірумен қатар, биогумус өндіреді.

Жаңадан істі бастаған кезде қиындықтар болды. Картоп өсірумен айналысатын ірі агроқұрылымдар көп, олардың алқабы үлкен және өнім бағасы бойынша да бәсекеге төтеп беру керек еді. Сол себепті біз алдымен топырақтың құнарын қайтарамыз және екіншіден сапаға жұмыс істейміз деп алдымызға мақсат қойдық. Яғни санға емес, сапаға жұмыс істейміз деп шештік, - дейді кәсіпкер Андрей Стрелец.

Сол себепті шаруашылық биогумус шығаруды қолға алады.

Биогумус бізде «Владимирский старатель» жауын құртының көмегімен өндіріледі. Бұл жарты жылдық циклдың ішінде жүзеге асырылады. «Адымдаушы жүйек» технологиясын қолданамыз, бұл Ресейде пайда болған, сол жерде білімімізді жетілдіріп, қажетті құрттарды алып келдік.

Жауын құрттың бұл түрі біздің климатқа бейімделген. -4 градустан бастап ұйқыға кетеді, +16 градуста, көктемде оянады. Сұйық биогумустың ерекшелігі – оны кез келген уақытта, жаңбырлы күні де, өсімдіктің кез келген фазасында да енгізе беруге болады.

Біз картоп өсірумен айналысамыз, сол себепті біздің ең басты тұтынушыларымыз алғашқыда көкөніс өсірушілер болды. Нарыққа келгенімізге 14 жыл болды, қазір биогумусты мал шаруашылығымен айналысатындар да сатып алады. Олар қиды қайта өңдеу үшін биогумусты қосады. Бұдан бөлек, гүл өсірушілер, саңырауқұлақпен айналысатындар, жем-шөп өсірушілер – жердің құнарын арттырғысы келгендердің бірлығы арасында сұранысқа ие. Өйткені топырақ – егіншіліктің негізі, - дейді Андрей Стрелец.

СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды
Фото: Андрей Стрелец

Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлік бір жылда біз 4 мың тонна қиды қайта өңдеп, 2 мың тонна биогумус алады.

– Органикалық тыңайтқышқа сұраныс өсіп келеді. Өйткені фермерлер минералды тыңайтқышқа қарағанда биогумустың анағұрлым пайдалы екенін біледі. Халық қазір химиялық қоспасы жоқ таза өнімді таңдайды.

Кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 200 тоннаға шақталған көкөніс қоймасын салу. Сондай-ақ былтырдан бастап қылқан жапырақты ағаштарды және жеміс бұталарын өсіретін питомникпен айналысып жатырмыз.

2010 жылдан бастап біз жылдық мөлшерлемесі 6% болатын мемлекеттік бағдарлама аясында лизингке техника алып келеміз. Картоп өсіруге арналған техника қымбат тұрады. Оны мемлекеттің қолдауынсыз алу мүмкін емес еді, - дейді фермер.

СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды
Фото: Андрей Стрелец

Климаттың өзгеруіне бейімделу

СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, солтүстікқазақстандық фермерлерді климаттың өзгеруіне бейімдеуде бірқатар басымдықты шара бар, олар: құрғақшылыққа төзімді дақылдарды енгізу, қолдан суару жүйелерін, мысалы, тамшылатып суаруды жетілдіру, топырақ құнарлылығын сақтау үшін no-till технологиясын пайдалану, жаңбыр суын жинау және резервуарлар құру арқылы су қорын жасау және микроклиматты жақсарту үшін агроорман шаруашылығын біріктіру. Фермерлерді жаңа агротехнологияларға үйрету, климаттың өзгеруін бақылау және білім алмасу үшін диқандар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру маңызды аспектілер. Бұл іс-шаралар климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көмектеседі.

СҚО аудандарында суармалы жерлердің ауданын біртіндеп ұлғайту бойынша іс-шаралар қолға алынған. 2024 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының, атап айтқанда дәнді және жемшөп дақылдарының өнімділігін барынша арттыру мақсатында 3,3 мың га алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы егіншілік бойынша жобалар іске асырылды. Қазіргі уақытта өңірде суармалы алқаптардың жалпы ауданы 9,4 мың га жетті, оның мың га – тамшылатып, қалғаны себелетіп суару. Осы жылы суармалы алқапты 11,5 мың га жеткізу міндеті тұр. 

Экологиялық тәсіл – экономикалық артықшылық

Бүгінде фермерлердің көпшілігі «жасыл» технологиялар мен экологиялық әдістер тек табиғатты қорғауға ғана емес, нақты экономикалық пайда әкелетініне де көз жеткізген. Экологиялық тәсілдер шығындарды қысқартып, өнім сапасын арттыру арқылы шетел нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар экосертификатталған өнімге сенім жоғары. Климаттық және нарықтық тұрақсыздықтар жағдайында шаруашылықтың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Яғни бұл – ұзақ мерзімді табыстың кепілі.

СҚО фермерлері «жасыл» ауыл шаруашылығына бет бұрды
Фото: Андрей Стрелец

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстан былтыр 16 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар