СҚО-ға арзан дизель отыны климаттық жағдай ескерілмей берілген
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңір диқандарына арзандатылған дизель отыны климаттық жағдайлар есепке алынбай бөлінген. Бұл мәселені жанар-жағармай материалдарының операторлары көтерді.
«ҚР Энергетика министрлігі өңір фермерлерінің маусымдық дала жұмыстарына қажет дизель отынының көп бөлігін техникалық сипаттамалары елдің солтүстік өңірлерінің ауа-райына сәйкес келмейтін Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөліп келген. Осының салдарынан жанар-жағармай қатып қалып, көктемгі дала жұмыстарының кешеуілдеуіне, қымбат шетелдік ауыл шаруашылығы техникасының істен шығуына әкеп соқтырды. Жыл сайын облыстың 3,5 мыңға жуық шаруасы осындай проблемаға ұрынып келген», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Енді бұл мәселе шешімін тауып отыр. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында ведомствоаралық жұмыс кеңесін ұйымдастырды, онда жоғарыда аталған мәселе ҚР Энергетика министрлігі басшылығына жеткізілді.
Нәтижесінде, бейінді министрлік осы жылғы көктемгі дала жұмыстарына солтүстік өңір үшін неғұрлым бейімделген Павлодар мұнай-химия зауытынан 53 мың тонна дизель отынын бөлу туралы шешім қабылдады. Қалған қажет мөлшер - 20,6 мың тонна, күн жылынысымен мамыр айында Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін болады.
Бұған дейін СҚО-ға көктемгі дала жұмыстарына 74 мың тоннаға жуық жанар-жағармай қажеттігін, биыл оның ақпан айынан бастап жеткізіле бастайтынын айтқан едік.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арзан дизель отынын алу үшін жұмысын тоқтатқан агроқұрылымдарды да есепке алу деректерін анықтады.