СҚО-ға импортталатын 12 түрлі сүт өнімі күшейтілген зертханалық бақылаудан өткізіледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл ветеринариялық-санитарлық сараптама зертханалары 233 мыңға жуық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде сапасыз деп танылған 350 кг тауар жойылды.

сүт
Фото: Pixabay

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, балық, құс еті, бал тексеріледі.

Бұдан бөлек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың 5 айында 405 мониторингтік зерттеу жүргізілген. Бұл - жалпы жылдық жоспардың 40%. Өнімдер радиологияға, микробиологияға, паразитологияға, улы элементтерге, диоксидтерге тексеріліп, адам ағзасына қауіпті заттар анықталмады.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық ішкі сауда нысандарына ветеринариялық-санитарлық инспекторлар бекітілген. Мамандар жеткізілген өнімдердің талапқа сай құжаты болуына мониторинг жүргізеді. Барлық өнім базар сөрелеріне аса қауіпті аурулар бойынша, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін ғана қойылады.

Жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен биыл 146 рейд жүргізілді, 89 заңбұзушылық анықталды, 3,1 млн теңге сомасына 74 әкімшілік айыппұл салынды.

Биыл 64 472 тонна жүк артылған 5 мыңға жуық көлік ветеринарлық тексеруден өтті. Көрші мемлекеттен 2 мыңға жуық мал және 3 млн астам құс жеткізілген. Алайда 58 көлік иесі тиісті талаптарды сақтамағандықтан Ресейге қайтарылды. 33 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1,2 млн теңге шамасында айыппұл салынды.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мемлекеттік азық-түлік мониторингін жүргізу барысында импорттық сүт өнімдерінің 12 атауының құрамындағы сәйкессіздіктерді анықтады. Осыған байланысты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Кеден одағының тізіліміндегі осы тауарларды өндіруші кәсіпорындардың мәртебесін өзгертті, енді олардың өнімдері күшейтілген зертханалық бақылаудан өткізіліп отырады», - дейді мамандар.

Бұған дейін СҚО-да қайтыс болған екі бүлдіршіннің нитриттен уланғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар