СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысып жатқан үш отбасыға 13,8 млн теңгені қайтару талап етілген.

 СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

СҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, «Бахадир», «Тілеужан» және «Сабохат» жеке кәсіпкерлері 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие алған. Алайда кейін мемлекеттік аудит малды сату және сою фактілерін анықтап, мұны бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану ретінде бағалаған. Осыны негізге алған «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлерден жалпы сомасы 13,8 млн теңге несиені толық көлемде мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткен.

СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Кәсіпкерлер бұл шешіммен келіспейді. Олардың айтуынша, несие шартында көрсетілген негізгі талап толық орындалған. Яғни, қаржы алынғаннан кейін белгіленген мерзім ішінде мал сатып алынып, қаражаттың мақсатты жұмсалғаны барлық тиісті құжаттармен расталған. Кейін уақыт өте келе шаруашылықтар малдың бір бөлігін сатқан немесе сойған.

Қоныс аударушы Бахадир Исматуллаев бес жыл бұрын Шымкенттен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген. Мемлекеттік қолдау аясында оған 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп, ол қаражатқа 13 жылқы сатып алған. Шаруашылығын дамытуды жоспарлаған Бахадир өңірдің қатал қысына дайын болмай, жеті жылқысы қырылып қалған. Кейін қалған жылқысын сатып, орнына ірі қара мал алған.

Фермердің айтуынша, бүгінде олардың шаруашылығында 50 бас ірі қара бар. Ол өзінің бұл өңірге уақытша пайда табу үшін емес, тұрақтап, мал шаруашылығын дамыту үшін келгенін атап өтті.

СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

- Малымды сатып, несиемді жауып, оңтүстікке қайта көшіп кетуіме болатын еді. Бірақ менің мақсатым басқа. Осы жерде еңбек етіп, шаруашылығымды кеңейткім келеді, - дейді ол.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері фермерлердің уәжімен келіседі. Мамандарының пікірінше, несие қаражаты мақсатты пайдаланылғаны дәлелденгеннен кейін малды өткізуді немесе союды заңбұзушылық ретінде қарастыру дұрыс емес. Оның үстіне кәсіпкерлер несиелерін уақытылы төлеп келеді. Мал шаруашылығының басты мақсаты - ет пен сүт өндіру арқылы табыс табу. Сондықтан малды сату немесе сою қалыпты өндірістік процесс. Бұған қоса, қолданыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік құжаттарда өсірілген малды өткізуге тыйым салынбаған.

«Солтүстік» ӘКК өкілі Талғат Жұмабековтың айтуынша, несие 7 жылға беріледі. Бұрын фермердің несие шарттарын орындап, уақтылы төлем жасауы жеткілікті болған. Енді биылдан бастап талап өзгерді, бастапқы сатып алынған мал басы несие уақыты аяқталғанша азаймауы тиіс.

СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

- 2024 жылы бізге ревизиялық комиссия тексеру жүргізіп, сатып алынған малдың сойылғанын анықтады. Біз қарсылығымызды білдірдік және кейін комиссия біздің уәжімізбен келісті. Бірақ өткен жылы облысқа Жоғары аудиторлық палата тексерумен келіп, ревизиялық комиссияның қорытындысын жоққа шығарды. Бізге қарыз алушылардан қаражатты толық көлемде қайтаруды талап етіп, сотқа жүгіну жөнінде нұсқама берілді, – дейді Талғат Жұмабеков.

Егер мәселе сотқа жетсе, СҚО Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері қоныс аударған шаруалардың мүддесін қорғауға дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін оңтүстіктен СҚО-ға қоныс аударғандардың тұрмысы туралы жазған едік. 2016 жылдан бері облысқа 19 мың адам, яғни 5300-ден астам отбасы көшіп келген.