СҚО-ға Сібір антициклоны келе жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында осы апта аязды болып, түнде ауа температурасы -38 градусқа дейін жетпек.
«Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы ескерту жариялады. Синоптиктердің айтуынша, қаңтар айының екінші жартысында облыс аумағына Сібір антициклоны әсер етеді. Осыған байланысты 14 қаңтардан бастап түнгі уақытта ауа температурасы -30,.-35 градусқа дейін төмендейді, облыстың оңтүстік-шығысында -38 градус аязға дейін жетеді.
Күндіз сынап бағанасы -20,…-25 градус аязды көрсетсе, ал оңтүстік-шығыста -28 градусқа дейін төмендемек.
Аязды ауа райына қарамастан, антициклонның жылдам жылжуы салдарынан солтүстік-шығыс бағытта жел күшейіп, жылдамдығы 15-20 м/с, облыстың шығысында екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді.
18 қаңтарда аяздың беті қайтып, түнде -18…-23 градус, күндіз -14…-19 градус аяз болады.
22 қаңтардан бастап антициклон ықпалынан қайта аяз күшейіп, түнгі ауа температурасы -30…-35 градусқа дейін төмендейді.
Айдың екінші жартысында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болмақ.
Бұған дейін бүгін елдің барлық аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланғанын жазған едік.