13:30, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
СҚО қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасарын өлтіру фактісі бойынша үш адам құрықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасары Жандос Ахметовті өлтіру фактісі бойынша полиция үш адамды қамауға алды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
«Қаржы полициясы бірінші орынбасарының өліміне байланысты бүгінде осы іс бойынша үш адам тұтқындалды. Негізгі киллер, екі арадағы тапсырыс беруші және қару ұсынған адам күдіктілер. Осы іс бойынша қалған мәселелер соттан кейін белгілі болады»,-деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы 24 желтоқсан күні шамамен 20:00 кезінде Петропавлда Юбилейная көшесінің бойында өз үйінің кіреберісіндегі баспалдақта белгісіз біреудің қолынан мерт болған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысы бірінші орынбасарының мәйіті табылды. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 96-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.