СҚО: кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деп айыпталған блогерлер ақталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда кәсіпкерді бопсалап, 50 млн теңге талап етті деп айып тағылған блогерлер кінәсіз деп танылды. Бопсалау ісі бойынша сот алқабилер алқасының қатысуымен өткен еді. 

Астанада жосықсыз құрылыс салғандарға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Фото: Kazinform

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, сотталушылар С. және П. «Т.» ЖШС-нде заң бұзу фактілерін анықтау мақсатында тексерулер жүргізуді тоқтатқаны үшін, сондай-ақ компанияның мүддесіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін материалдарды «Instagram» және «Youtube» желілерінде одан әрі таратпағаны үшін «Т.» ЖШС директорынан ай сайын 200 мың теңге сомасында қаражат төлеуді талап еткені үшін айыпталған.

Компания директоры И. бес ай ішінде сотталушыларға қолма-қол және аударым арқылы 1 млн теңге сомасында ақша төлеген.

Сондай-ақ, сотталушылар кейінірек ұялы байланыс арқылы «M.» ЖШС басқарушы директорын да бопсалап, әлеуметтік желілерде осы компанияға қатысты жағымсыз материалдарды одан әрі таратпағандары үшін 50 млн теңге сомасында қаражат төлеуді талап еткені үшін айыпталды.

«M.» ЖШС өңірлік директоры Б. сотталушылардың біріне 25 млн теңге сомасында ақшалай қаражат берді, оның 5 млн теңгесі түпнұсқа купюралар, 20 млн теңгесі муляж болған.

Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушылар оларды ақтауды сұрады.

Нәтижесінде алқабилердің шешімімен сотталушылар оларға тағылған іс -әрекеттер дәлелденбегендіктен, бопсалау жасағаны үшін кінәсіз деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салайық, оқиға былтыр қараша айында болған еді. Петропавлдағы сауда желілерінің бірінің директоры екі блогердің өзінен ақша бопсалағанын айтып, арызданған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара барысында жәбірленушіден 50 млн теңге бопсалаған Петропавлдың екі тұрғынын ұстады.

Соңғы жаңалықтар