СҚО мектептерінде автослесарь, электриктер даярлайтын бейінді сыныптар ашылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Явленка ауылында ұйымдастырылған фестивальде өңірдің 20 колледжі білім беру бағдарламаларын таныстырып, жастарға жұмысшы мамандықтарына оқу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Бүгінде облыстың 15 колледжі 16 жаңа мамандық ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, оның 14-і нарықта сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары. Жақын арада тұқым өсіруші, құс өсіруші, егінші сияқты сұранысқа ие мамандарды даярлау басталады. Петропавлда жұмыс берушілердің қолдауымен мектептерде «автослесарь» және «электрик» бейінді сыныптар ашылмақ.
— Өңірде жұмысшы кадрларға деген тапшылықты ескере отырып, биыл жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 105 грантқа ұлғайып, 1742 орынға жетті. Атап өтетін жайт, қазір біздің түлектердің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу көрсеткіші — 98%, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мектеп оқушыларын ерте жастан кәсіби бағдарлау мақсатында колледждерде «Junior Skills», «Үздік мамандық иесі» сияқты конкурстарға, сондай-ақ кәсіби шеберлік чемпионаттарына 7 мың түлек қатысты. 29 мың оқушы зауыттарға барып, жұмысын көрді. WorldSkills өңірлік чемпионаты 3 мың жас маманды біріктірді. Республикалық WorldSkills біріншілігінде СҚО студенттері 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Кәсіби шеберлік конкурстары, жұмысшы мамандықтар бойынша жас көшбасшылар форумы, шеберлік сабақтары, сондай-ақ жаңа мамандықтар атласын әзірлеу жоспарланған. Бұл іс-шаралар жастарды жұмысшы мамандықтарына қызықтыруға, болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етпек.
Естеріңізге салайық, бұған дейін жұмысшы мамандық иелеріне қай салада көп айлық төлейтінін жазған едік.