СҚО мен Қытай арасындағы сыртқы сауда айналымы үш жылда 2,2 есе өсті

Тауар айналымы
Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Қытай ет қауымдастығының делегациясы болды. Кездесуде өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.

Бұл туралы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

«Ет импорттаушылар мен экспорттаушылар клубының президенті Ма Гуаншэн бастаған Қытай ет қауымдастығының делегациясы кеше Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VII отырысына қатысты. Бұл кездесу ШЫҰ саммитінде екі мемлекет басшыларының арасындағы келісімдерге қол жеткізу аясында өтті.

Аймақта қазірдің өзінде «АЙЦЗЮ» корпорациясының агроөнеркәсіптік кластерін дамыту бойынша Қазақстан-Қытай жобасы сәтті жүзеге асуда – «Тайынша-Май» майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылды. Сондай-ақ «Мемолюкс» диірмені мен қоспажем зауыты салынып жатыр», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Өңір басшысының айтуынша, Қытай делегациясы «ЕМС-Агро» ет комбинатында болып, шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту және ет өндіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жобасымен танысты.

«Жалпы, СҚО мен Қытай арасындағы ынтымақтастық өз жемісін беріп жатқанын айта кеткен жөн. Небәрі 3 жылдың ішінде сыртқы сауда айналымы 2,2 есе өсіп, 117 миллион АҚШ долларын құрады.

Сапар қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік және достық қарым-қатынас ұзақ мерзімді әрі жемісті болатынына сенім білдірдік», - деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Бұған дейін Астанада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиакорпорациясы (CMG) ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram