СҚО-ның 20 шақты көліне тұқы мен ақ сақа жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында балық қорын сақтау және молайту бойынша белсенді жұмыс қолға алынды. Бұл іс-шара Қазақстанның балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. 

СҚО-ның 20 шақты көліне тұқы мен ақ сақа жіберіледі
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Қазіргі уақытта су қоймаларын пайдаланушылар өңірдегі 19 көлге тұқы мен ақ сақа тұқымдас балықтардың 93,3 мың шабағын жіберді. Аталған су айдындарының қатарында Долгое Большое, Тереңкөл, Калдарь, Башкирское, Сладкое, Угловое, Гайдуково, Новое, Стерхово, Беленок, Бузай, Горькое, Евтюшкино, Кривое, Немецкое, Рыбное, Чистое (Меңгесер), Қарасор және Ақсуат көлдері бар. Бұл игі шараға 104 миллион теңге жұмсалған.

Айта кетейік, ақ сақа тұқымдас балық шабақтары Ресейдің шекаралас аймақтарынан, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарындағы мамандандырылған балық питомниктерінен жеткізіледі. 

Мемлекеттік тапсырыс аясында Сергеев су қоймасына 1 миллион дана тұқы шабағын жіберу жоспарға енгізілді. Сонымен қатар Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары балық аулау мерзімдерін сақтау бойынша бақылау жүргізіп жатыр.

Жыл сайынғы «Уылдырық шашу» атты балық қорғау акциясы аясында табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерінің алдын алу мақсатында рейдтік шаралар күшейтілді.

Бұған дейін елімізде балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар