СҚО-ның қай ауылдарына биыл таза су жетеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ауыз сумен қамту мәселесін шешу үшін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 9 ірі жобаны іске асырып жатыр.

Бұл туралы бүгін әкімдік отырысында «Есіл су» филиалының директоры Қанат Асқаров айтты.
Бұл жобалар Преснов, Соколов, Есіл (2 жоба), Булаев (4 жоба) және Көкшетау топтық су құбырларының құрылысын және қайта жаңғырту жұмыстарын қамтиды.

Осы мақсатқа биыл Ұлттық қордан 11,7 млрд теңге бөлінді және әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қосымша арнайы мемлекеттік қордан 30,3 млрд теңге қарастырылған. Жалпы қаржы көлемі – 42 млрд теңге.
- Преснов топтық су құбырын қайта жаңғыртудың бірінші кезеңінде 12 ауылға таза су жетеді. Жоба екі жылға шақталған. Жалпы құны 16,3 млрд теңге. «Қазсушар» РМК – бас мердігер. Бүгінде қаражаттың 5,9 млрд теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстары Становое, Искра, Мальцево, Новомихайловка, Петровка, Бексейіт, Воскресеновка, Андреевка ауылдарында және Мамлютка қаласында жүргізіліп жатыр. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 3,9 млрд теңге қажет, - деді Қанат Асқаров.

2018 жылы басталған Соколов топтық су құбыры мен ауылішілік желілерді салу жобасы аясында биыл құрылысқа 3,3 млрд теңге бөлініп отыр. Жұмыс Новокаменка, Архангелка, Кустовое, Сивково-Виноградовка, Пеньково, Долматово және Желяково ауылдарында жалғасқан. Келесі жылы жұмыс толық аяқталады.
- Булаев және Есіл топтық су құбырларында тозығы жеткен 341 км желі жаңартылуы тиіс. Жоба құны - 21,6 млрд теңге. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, биыл аяқталады. Ал Көкшетау топтық су құбырынан 24 ауылға су тартылады. Жобаны жүзеге асыруға 7,3 млрд теңге қажет. Жоспар бойынша 220 км тартылуы керек болса, соның 168 км салынды. Бұл нысан да биыл пайдалануға берілуі тиіс, - дейді филиал директоры.

Тайынша ауданының 14 елді мекеніне де таза су жетеді. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Былтыр 371 млн теңге игерілді, қалған 13,1 млрд теңге осы жылы бөлінді. 175 км құбырдың 85 км салынған.
Ал Ақжар ауданындағы 5 ауылға су тарту үшін 162 км құбыр төселеді. Жалпы құны – 7,4 млрд теңге. Бұл жоба келесі жылы аяқталмақ.
Бұған дейін су саласы мамандықтарына түсетін студенттер үшін грант саны 70%-ға артатынын жазған едік.