СҚО-ның спорт мектеп-интернатындағы жанжал: тексеріс қорытындысы шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқушының анасының өтінішінен кейін тексеріс жүргізілді.

буллинг
Фото: Pixabay

Естеріңізге салайық, 7 «Б» сынып оқушысының анасы Маржан Тажимуратова ұлына 8-сынып оқушылары тарапынан буллинг жасалып, дене жарақаты келтірілгенін мәлімдеді.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, мектеп әкімшілік бұл мәселені елеусіз қалдырмай, жедел түрде ішкі қызметтік тексеріс жүргізіп, жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына хабар берді.

Құқық қорғау органдары материал жинау барысында анықталғандай, биыл мектеп-интернатқа қабылданған 7 «Б» сынып оқушысы К.Жанқұшев пен жатақхана бөлмесінде тұратын 8-сыныпта оқитын бірнеше жасөспірім оқушы арасында тұрмыстық сипатта жанжал туған. Балалардың барлығы еркін күрес бөлімінде оқиды.

Жиналған материалдар негізінде, құқық қорғау органдары мекеме әкімшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы – «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен оқыту, оның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.

- Жүргізілген тергеу нәтижесінде оқушыға қатысты жүйелі түрде буллинг көрсету, ақша бопсалау немесе қоқан-лоқы жасау фактілері расталған жоқ. Дегенмен, мекеме тарапынан болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар нақты профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар қолға алынды, - делінген СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы берген жауапта.

Бұған дейін СҚО олимпиадалық резерв мектеп-интернатында болған жағдайға байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар шара қабылдағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар