СҚО-ның тоғыз ауданы туляремияның табиғи ошағы аймағында орналасқан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы 13 ауданының 9-ы — туляремияның табиғи ошағы аймағында тұр.

СҚО-ның тоғыз ауданы туляремияның табиғи ошағы аймағында орналасқан
Фото: Pixabay.com

Туляремияны халық арасында «қоян безгегі» деп те атайды. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл да туляремиямен сырқаттану жағдайлары өткен жылдағыдай тіркелген жоқ. Соңғы рет өңірде 2018 жылы бір адам осы қауіпті жұқпалы аурумен ауырған. 

Туляремия — жіті инфекциялық, бактериалды этиологиялы табиғи ошақты жұқпалы ауру. Оның белгілері әдетте 3-7 күн өткенде байқалады. Дене қызуы күрт көтеріліп, адамды қалтыратады, бас ауырып, айналып, жалпы әлсіздікке, бұлшықеттердің ауруына, тәбеттің нашарлауына әкелуі мүмкін.

Сырқаттың лимфа түйіндері ұлғайып, тыныс алу, ас қорыту жолдарын, теріні және басқа да мүшелерді зақымдайды.

— Туляремия Francisella tularensis бактерияларынан туындайды, олар сыртқы ортада ұзақ уақыт: суда +13, +15° температурада 3 айға дейін; астықта, сабанда 0° төмен температурада кемінде 6 ай, су жәндіктерінің терісінде +20-25 ° бір айға дейін сақталады. Туляремиядағы негізгі инфекция көзі — жабайы кеміргіштер — ондатрлар, қояндар, су егеуқұйрықтары, сұр тышқандар, атжалмандар, тышқандар және басқалар. Адамнан адамға туляремия берілмейді, — дейді мамандар.

Табиғи ошақтарда инфекция қан соратын жәндіктер иксод кенелері, масалар, соналар арқылы таралады.

— Адам инфекцияны ауру немесе өлген кеміргіштерден тері мен шырышты қабаттар арқылы, туляремия қоздырғышымен ластанған тамақ өнімдерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін және суды пайдаланған кезде, ластанған астықты қайта өңдеу, шөпті, сабанды көтерген кезінде шаң немесе қансорғыштар арқылы жұқтыруы мүмкін, — дейді санитар дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, туляремиядан сақтанудың ең тиімді әдісі — иммундау. Вакцинация туляремияның табиғи ошақтарында тұратын, 7 жастан 55 жасқа дейінгі, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және қауіп тобына кіретін адамдар: аңшылар, балықшылар арасында жоспарлы түрде жүргізіледі. Ревакцинация 5 жылдан кейін қайталанады. 

Бұған дейін Петропавлда кене мен масаға қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар