СҚО-ның бас полицейіне шағымданған тұрғын бір жылдан кейін ақшасын қайтара алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы бас полицейінің онлайн қабылдауында болып, нәтижесінде алаяқтан бір жыл ала алмай жүрген ақшасын қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 47 жастағы Петропавл тұрғыны азаматтарды бірыңғай қабылдау күні аясында Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевқа жүгінген .
Нәтижесінде екі аптадан кейін бір жыл бойы қайтара алмай жүрген ақшасы қолына тиді.
Андрей Култышев автокөлік айдап әкеліп беремін деп уәде еткен Алматы облысының тұрғынына 300 мың теңгесін аударған. Ая,ында не көлік не ақша жоқ болып шығады.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, Марат Төлебаев қолданыстағы заңнама аясында толық әрекет жасауға тапсырма берді. Қосымша шаралар барысында күдікті анықталды. Мәселе заңды түрде шешіліп, Петропавл тұрғынының ақшасын толығымен қайтарып алды.
Ведомство басшысының айтуынша, жеке қабылдау мен басқа да ашық алаңдардың тиімділігі жоғары. Өңірдің бас полицейі жыл басынан 120-дан астам адамды жеке өтінішімен қабылдаған. Сондай-ақ, сұрақтар Facebook парақшасындағы жеке аккаунт арқылы да түскен.
Соңғы кезде карантин шектеулеріне байланысты кездесулер онлайн режимінде өтіп жатыр. Бұл жолы есептік кездесу барысында Солтүстік Қазақстан полициясының бірінші басшысына 20-дан астам адам жүгінді.
«Осы кездесу барысында жауап алып үлгермесеңіз сұрақтар назардан тыс қалмайды, мен оларды жеке бақылауыма аламын», - деді Марат Төлебаев онлайн-есеп беру кезінде.
Айта кету керек, әлеуметтік желі қолданушылары диалогтың мұндай форматын жоғары бағалады. Эфир барысында желі қолданушыларының бірі мәселесінің оң шешілгеніне ризашылығын білдірді.

«Мұндай форматтағы қарым-қатынас біз үшін өте тиімді», - деп жазды Мұрат Есіл.