СҚО-ның полицейлері су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберді (ФОТО)
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД мен Петропавл қалалық ІІБ-ның қызметкерлері облыста су тасқынынан қатты зардап шеккен Тайынша ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жинап, жөнелітті.
«СҚО ІІД мен Петропавл қалалық ІІБ аппаратының офицерлер жиналысында зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинау жөнінде шешім қабылданды. Бұл жұмыс жедел түрде жүргізілді. Соның нәтижесінде, кеше Тайынша қаласына СҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреевтің басқаруымен табиғи апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін қажетті жүк тиелген «Газель» көлігі келіп жетті. Полицейлер қажетті заттар, азық-түлік салынған жәшіктер мен қаптарды аудан әкімдігінің басшылығына тапсырды. Алдағы уақытта облыс орталығынан келген көмек ауыл тұрғындары арасында таратылады», - деп түсіндірді ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, сәуір айының басында Тайынша ауданында қарғын судың тасқынынан Донецкое, Ясная Поляна, Келлеровка, Доброжановка және тағы басқа ауыл тұрғындарының үйлері мен шаруашылық құрылыстары зардап шеккен.
Қазіргі уақытта Тайынша ауданының аумағында су тасқыны жағдайы жалпы алғанда тұрақталды.
Еске сала кетсек, облыс полицейлері су басып қалған ауыл тұрғындарына эвакуациялауға көмекке келді.
Оның ішінде Тайынша АІІБ жеке құрамы тәулік бойы жергілікті халықты туыстарына және жергілікті мектепке көшіруге көмектесті. Балаларды, үй малын және қажетті мүліктерді тасыды. ТЖД және әкімдікпен және жұртшылықпен бірлесіп, 48 адам көшірілді. Жолды шайып кеткен жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы автоторуылдар жұмыс істеді. Су басқан жолдың шетіне белгілер қойылды. Ауданның, ТЖД-ның, жолшылардың барлық техникасы су тасқыныына қарсы шараларға тартылды. Оның кедергісіз өтуін жергілікті полиция қызметі және әкімшілік полиция қамтамасыз еткен болатын.