СҚО полицейлері халықаралық іздеуде жүрген баукеспе ұрыны ұстады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары ақпан айынан бері халықаралық іздеуде жүрген баукеспе ұрыны қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысының 39 жастағы тұрғыны қарақшылық жасағаны үшін сотталып, бас бостандығы шектелді. Алайда ол тиісті жазасын өтеудің орнына қашып
кеткен. Ақпай айының соңында Рудный қаласының полициясы қашқынға халықаралық іздеу жариялады. Қылмыскер Петропавлдың тумасы болғандықтан, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары оның жүруі мүмкін жерлерді бақылауға алды. Осындай жедел-тергеу іс-шаралары барысында ер адамның қайда екендігі анықталды. Ол таныстарының үйін жағалап, спирттік ішімдік ішумен болған. Қылмыскер ұсталып, уақытша ұстай изоляторына қамалды.
«Әріптестерімізге хабар бердік. Ұсталған адам түрлі қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған. Бұған дейін бас бостандығы шектелсе, енді жаза өзгертіліп, бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Криминалдық полиция
қызметкерлерінің негізгі жұмыстарының бірі – қылмыскерлердің жүрген жерін анықтау», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Жыл басынан СҚО аумағында 4 қылмыскерге іздеу жарияланып, екеуі ұсталды. Бұдан басқа криминалдық полиция қызметкерлері басқа өңірлер үшін үш қылмыскерді және тағы соншасын ресейлік әріптестеріне ұстап берді.