СҚО полицейлері өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылады

ПЕТРОПАВЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавлда Ішкі істер департаментінде тәртіп сақшыларының 2010 жылы атқарған жедел қызметінің қорытындысына арналған жедел кеңес өтті.
None
None

Оған облыстық полиция бөлімдерінің барлық басшылары және аудандық ішкі істер органдарының бастықтары қатысты. Жедел кеңесті ашқан облыстық полиция басшысы полиция полковнигі Мұрат Ұрұмханов облыс бойынша жедел жағдайдың тұрақты екенін айтып өтті. Қылмыстар саны өскенімен, атқарылған жұмыстар нәтижесінде полицейлер ауыр қылмыстар санын азайта түсті. Жалпы 2010 жылы облысымызда 4666 қылмыс жасалып, бұл қылмыстардың 82 пайызы ашылды.

Полиция қызметіндегі басты бағыттардың бірі тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу және ашу болды. Өткен жылы облысымызда қасақана адам өлтірудің 63 фактісі тіркелді, бұл қылмыстардын 95 пайызы ашылды.

Тіркелген қылмыстардың басым көпшілігі мүлікке байланысты жасалған қылмыстар. Пәтер тонау жалпы ұрлықтардың 30 пайызын құрайды. Бұл қылмыс түрін ашу жұмысы жақсарып, қылмыстардың 82 пайызы ашылды. Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында полиция қызметкерлері кілтпен және құлыпты бұзу арқылы пәтер ұрлықтарымен айналысып жүрген 5 қылмыстық топты анықтап, құрықтады.

Кеңес барысында жұмыстағы проблемалар жайлы да сөз қозғалды. Жыл сайын ұялы телефондармен байланысты қылмыс саны өсіп келеді. Тек өткен жылы ғана бұндай 770 қылмыс жасалды. Әрбір бесінші қылмыс ұялы телефондармен байланысты. Ұялы байланыс компанияларының операторларымен ұйымдастырылған тығыз қарым-қатынас ұрланған телефондардың бір бөлігін иелеріне қайтаруға мүмкіндік берді, бірақ бұл бағыттағы жұмысты белсендіре түсу қажет. Барлық ұрланған ұялы телефондарды полицейлер арнайы мәліметтер базасына енгізіп отырады, бүгінгі күні бұл базада мыңнан артық криминалдық телефондар есепте тұр. Кеңес барысында Мұрат Ұрұмханов қылмыс жасаған тұлғаларды жазалаумен қатар, ұрланған телефондарды сатып алған адамдарды да жауапқа тарту қажеттігін айтып өтті.

Күрделі мәселелердің тағы бірі - мас күйінде жасалған қылмыстар және маскүнемдікпен күрес. СҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұрат Көшеков өз баяндамасында, маскүнемдік және тұрмыстағы зорлықпен күрес жолындағы учаскелік полиция инспекторлары жүргізетін үлкен алдын алу жұмысына тоқталып өтті. 2010 жылдың 12 айы ішінде алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 40 мыңға жақын адам әкімшілік жауапқа тартылды, арнайы алдын алу емдеу мекемесіне 367 маскүнем емдеуге жіберілді. Учаскелік полиция инспекторлары жан-ұядағы жанжалқойларға қатысты 1105 қорғау нұсқамасын толтырды. Алдын алу жұмыстары нәтижесінде бұрын сотталғандармен жасалатын қылмыстар саны 10%, кәмелеттік жасқа толмағандармен 18% және тұрмыстық қатынастағы қылмыстар 16% төмендеді.

Үстіміздегі жылы тәртіп сақшылары көшеде жасалатын қылмыстарды алдын алу жұмысын күшейтуді жоспарлап отыр. Қарақшылық шабуылдар мен тонаулардын жолын кесу мақсатында алдымыздағы 3 жылда қоғамдық жерлерде, үй аулаларында жедел басқару орталығымен байланысқан қосымша 60 бейнекамера және 12 бейне жүйесі орнатылады. Жолда жүру ережесін ұстану жұмысы күшейтіледі. Жедел кеңесті қорытындылап өткен Мұрат Ұрұмханов осы жылға Елбасы қойған жұмыстың басты бағыттарын айтып өтті, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу, есірткімен байланысты қылмыстармен және заңсыз миграция арналарымен күрес, жолдағы сыбайлас жемқорлықты жою, құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының тиімділігін арттыру. Үстіміздегі жылдан бастап жол полициясы қызметіне орналасам деген үміткерлер шындықты анықтау детекторы арқылы тексерілетін болады. Бұл құрал қылмыстарды ашу және тергеу кезінде де қолданылатын болады.

Соңғы жаңалықтар