СҚО полицейлері заңсыз көші-қон фактілерін анықтады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз көші-қон жолдарын ұйымдастыру фактілері анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент тұрғыны Ауғанстанның екі азаматына Ресей аумағына кедергісіз өткіземін деп уәде берген. Қолға түскендердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, материалдар ОҚО-ға жіберілген.
«Облыс бойынша 30 жұмыс беруші шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Петропавл қаласының тұрғыны елде еңбек етуге рұқсаты жоқ Тәжікстан азаматын жұмысқа алған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Облыс аумағы Ресейге өтпек болған Орталық Азия елдерінің тұрғындары үшін «транзиттік дәліз» қызметін атқарып келеді. Көктем және жаз мезгілдерінде СҚО-дан көлікпен жыл сайын 50 мың заңсыз мигрант өтетіні анықталды.