СҚО полициясы: алаяқтықтың әрбір алтыншы фактісі несие алумен байланысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полиция кәсіпкерлермен жұмыс кездесуін өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шарадағы басты тақырып – аймақтағы интернет-алаяқтықтың өсуі болды. Шамамен әрбір алтыншы факт басқа біреудің атына онлайн-несие алуға өтініш берумен байланысты. Полиция микрокредиттік ұйымдардың басшыларын несие алуға қойылатын талаптарды күшейтуге, қарыз алушының жеке басын сәйкестендіру мәселесін пысықтауға, келісімді оның бейне келісімі арқылы алуға шақырды. Осы жылдың екі айында 139 интернет-алаяқтық, яғни орташа есеппен күніне екіден астам факт тіркеледі.

Тағы бір маңызды мәселе – нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өткен жылы облыста жанармай бекетінде бір тонау, ал ломбардтарда екі алаяқтық фактісі тіркелді. Жыл басынан бері жанармай бекеттері мен ломбардтарда тонау оқиғалары да орын алды.

«Талдау көрсеткендей, техникалық қауіпсіздігі жағынан әлсіз объектілер қылмыстық қолсұғушылыққа жиі ұшырайды. Бейнебақылаудың жоқтығы, физикалық қауіпсіздік, территориялардың жеткіліксіз жарықтандырылуы қылмыстық ниеттің пайда болуына түрткі болатын факторлар болып саналады. Бейнебақылау – қорғаудың тиімді құралдарының бірі. Бейнекамералардың арқасында былтыр 882 қылмыстың, 2021 жылдың екі айында 87 қылмыстың беті ашылды», - деді жергілікті полиция бөлімінің бастығы Айдын Байматов.

