СҚО полициясында 100-ден астам Тәуелсіздік құрдастары еңбек етеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген 100-ден астам офицер еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полициясында 100-ден астам Тәуелсіздік құрдастары еңбек етеді

СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген 29 жастағы офицерлер ведомствоның түрлі бөлімшелерінде еңбек етіп жүр. Олардың арасында тергеушілер де, полицияның учаскелік инспекторлары да, патрульдік полицейлер де, жедел уәкілдер де бар.

«Ата-анам менің балалық шағымды жиі еске алып, сол жылдары бастан кешірген қиындықты үнемі айтып отырады. Ересектердің сөзінен еліміздің қиындық көргенін, жылдар өте келе тұрмыстың тек жақсарғанын білеміз. Полицияда қызмет ету менің бала кезгі арманым еді. Бұл жерде сүйікті қызметіммен айналысып қана қоймай, білімімді, біліктілігімді арттыруға мүмкіндік бар», - дейді Шал ақын аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Самат Мұқажанов.

Самат Шал ақын ауданындағы Ақан-Барақ ауылында дүниеге келген. Мектепті жақсы бітірген ол Қарағандыдағы Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясына оқуға түседі. 2013 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, жас маман өзінің туған ауданына оралды. Ішкі істер органдарында тергеуші болып еңбек етіп жүргеніне 7 жылдан асқан.

«Жақсы жаққа өзгерісті менің жұмысымда да байқауға болады. Еңбек етуге жағдай жасалып, заманауи керек-жарақпен жарақтандырылдық. Әлеуметтік қолдау бар», - дейді полиция капитаны.

Самат Мұқажановтың зайыбы мектепте мұғалім, тарих пәнінен сабақ береді. Үш жасар қызы бар жас отбасының болашаққа жоспары көп, олар ертеңгі күніне сенімді.