СҚО полицейлері 4 тәулікте 1200 жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтады

ПЕТРОПАВЛ.KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтады.

қауіпсіз жол
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы 5 ақпан күні басталғанын және бүкіл Қазақстанда өтіп жатқанын еске сала кетейік. 4 күннің ішінде облыста 1282 түрлі құқық бұзушылық анықталды.

Тәртіп сақшылары мас күйіде көлік басқарған 14 жүргізушіні тоқтатқан. Соңғы оқиға – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда тіркелген. Қазақстанда тіркелмеген, ресейлік есепте тұрған «Мерседес» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші аудан орталығындағы көшелердің бірінде көзге түскен.

қауіпсіз жол
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Полиция қызметкерлері шетелдік нөмірлері бар автокөліктерге ерекше назар аударады. Себебі, тіркелмеген көлікті пайдалануға тыйым салынады. Жедел алдын алу іс-шарасының 4 күні ішінде заңмен белгіленген тәртіпте тіркелмеген көлік құралдарын басқарудың 13 фактісі анықталды» делінген СҚО Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

«Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында маневр жасау ережелерін бұзған 31 жағдай анықталды. Бұл жол апатын болдыру ықтималдығы жоғары болғандықтан, өрескел ереже бұзуға жатады. Өткен жылы маневр жасау қағидаларын бұзу бойынша 39 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 9 кісі ажал құшып, 60 адам түрлі дене жарақатын алған.

«Жол көлік оқиғалары ауыр салдарының ықтималдығын арттыратын құқық бұзушылықтарға баса назар аударамыз. Оларға, мысал ретінде тағылмаған қауіпсіздік белдіктерін жатқызуға болады. 4 күн ішінде апаттық жағдайда өзінің және жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген 163 жүргізуші жауапкершілікке тартылды», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Александр Розбах.

4 тәуліктің ішінде жылдамдық режимін бұзған 238, жаяу жүргіншілерді өткізбеген 15, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту бойынша 14 факті анықталды.

Соңғы жаңалықтар