СҚО полициясында төрт полковник әйел қызмет атқарып жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық полииясында 700-ге жуық қыз-келіншек жұмыс істейді.

СҚО
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық ведомствода қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қылмыстарды тергеуде 449 әйел полицей тынбай еңбектеніп жүр. Олардың арасында 4 полковник және түрлі деңгейдегі 20 басшы бар. Бұдан басқа, 58 әкімшілік мемлекеттік қызметші, 172 азаматтық қызметкер мен ерікті жалдамалы қызметшілер жұмыс істеп келеді.

Полиция
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Халықаралық әйелдер күніне орай Петропавлдағы Жастар сарайында салтанатты жиын өтті. Көктемгі шуақты мерекемен әйелдер қауымын СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов құттықтады.

«Осы залда біздің арамызда қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайлары мен туыстары отыр. Қиындыққа мойымай ұрпақ тәрибелеп, олардың бойларына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіріп жатқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Полиция қызметкерлерінің отбасыларында тыныштық пен берекенің ұйытқысы болып, балаларды өсіріп, тәрбиелеп отырған жұбайларына ризашылығымды білдіремін», - деді Айдын Қабдұлдинов.

Сондай-ақ жас қызметкерлерге жол көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісіп жүрген ішкі істер органдарының әйел ардагерлеріне алғыс айтты.

Полиция
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүргені және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін бірқатар қыз-келіншектерге полиция ведомствосының бастығы ІІМ-нің құрмет грамоталарын, грамоталар мен алғыс хаттарды табыс етті.

Тайынша ауданының полиция бөліміндегі әкімшілік полиция бөлінісінің инспекторы Аяна Бағылова «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен, ал СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Наталья Ковецкая «II дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.