СҚО: Сергеев су қоймасының су деңгейі түсе бастады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының су деңгейі өткен бір тәулікте -10 см-ге түсті. Ал өңірдегі шағын өзендерде су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр. 

сергеев
Фото: Орал Әміренов

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, тасқын су Есіл өзенімен Новоникольское елді мекеніне жетті. Бір тәулікте мұнда бірден 494 см-ге көтерілді. Покровка ауылының маңында да жағдай әлі күрделі, өткен тәулікте 105 см-ге көтерілді. Петропавл қаласында су деңгейінің 125 см-ге биіктегені тіркелді. Сергеев су қоймасында су деңгейі біртіндеп түсіп жатыр.

су қоймасы
Фото: Орал Әміренов

«Өткен тәулікте -10 см-ге төмендеді. Бірақ, екінші толқыны болады. Әзірге қаншаға дейін көтерілетінін айту қиын. Өйткені Ақмолада әлі күнге көтеріліп жатыр, сондай-ақ Астанадан бізге қарай су жіберіп жатыр. Ақмола облысындағы «Каменный карьерде» жақсы көтерілді, бірер күнде ол біздің Тоқсан биде болады.

Қазір тасқынға байланысты ең күрделі жағдай Новоникольское елді мекенінде қалыптасқан. Кеше мұнда мұздың кептелісі қалыптасты. Бұл судың көтерілуіне себеп болды. Бүгін тасқын Прибрежное елді мекеніне жетеді деп болжап отырмыз», - дейді филиал директоры Қымбат Мерғалимова.

Өңірдегі шағын өзендерде екінші толқын басталып, су деңгейі көтеріліп жатыр. Мәселен, Гусаковка елді мекені маңында Бабықбұрлық өзені деңгейі 31 см-ге, Рузаевкада Шарық өзені 48 см-ге, Возвышенка елді мекені маңында Ақанбұрлық 35 см-ге көтерілген.

Өңірдегі Тораңғұл көлінің де суы толып жатыр. Өткен тәулікте деңгейі 10 см-ге, жалпы су тасқыны басталғалы 101 см-ге көтерілді.

Бұған дейін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың тасқын суға қатысты тұрғындарға үндеу жолдағанын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар