СҚО тұрғындары қызмет барысында телефонын жоғалтқан құтқарушыға сый жасады

Айбол Отарбаев
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде құтқарушылар алдыңғы шептен табылып, қауіпті аудандардан, елді мекендерден тұрғындарды, үй жануарларын шығарды. Тәулік бойы бел шешіп, тізе бүкпеген мамандарға халықтың алғысы зор. Сондықтан да болар, су басқан аумақта қалған итті шығару барысында телефонын жоғалтып алған құтқарушы туралы оқиға көпшілікті бейжай қалдырмады. Құтқарушы Айбол Отарбаевтың телефонын суға түсіріп алғанын оқиға орнында түсірілім жасап жүрген журналист-блогерлер байқап қалып, бұл жайында фейсбукке жариялады. 

«Үш күн бұрын әріптесім Төлеген Имановпен бірге су басқан Хром зауыт ауданына келіп, сол жердің қазіргі жағдайын түсірмек болдық. Бізбен бірге құтқарушылар отряды, соның ішінде Айбол болды. Қайықпен жүзіп бара жатып, гараж үстінде жүрген иттерді байқап қалдық. Жақындап келіп, Айбол иттерге жету үшін қоршаудың үстінен өтті. Сол кезде үстіне киген арнайы резеңке киімінің ішкі қалтасынан телефонының суға түсіп кеткенін байқап қалдым. 

Ол иттерді бізге алып берді, сосын қалтасын ақтарып телефонын іздей бастады. Мен оған телефонын суға түсіріп алғанын айттым. Қандай телефон деп едім, 11 айфон екенін айтты. Біз бұл оқиға жайында хабарлап, тұрғындармен бірге жаңа телефон алып береміз деп едік, ешкімге айтпаңыз, қажет емес деп азар да безер болды», - дейді блогер-журналист Закиржан Мамлютов. 

Өңір тұрғындары үш күннің ішінде 550 мың теңге жинап берді. 

«Телефон сататын дүкендермен келістім, Петропавлдағы сауда орталықтарының бірі бізге үлкен жеңілдік жасап, IPhone 15 про макс телефонын беретін болды. Біз мұншалықты көп қаражат жиналатынын білген жоқпыз, ақша жетіп тұрғаннан кейін сапалысын алдық. Ал қалған қаражатқа құтқарылған иттерге азық сатып алып, апарып бердік. 

Мемлекеттік қызметшіге мұндай қымбат сыйлық жасауға болмағандықтан, біз Айболдың қарындасы Лаураны тауып, телефонды Лаураға сыйладық. Ал Лаура оны ағасына бермек. 

Жалпы осы су тасқыны кезінде халықтың қандай күш екенін көрдім. Біз біргеміз, біз қандай болсын қиындықты жеңеміз», - дейді Закиржан Мамлютов

Бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен 66,4 мың адамның үш ай кредит төлемейтінін айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар