СҚО тұрғыны сирек кездесетін таксидермист мамандығын өздігінен меңгеріп алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Александр Гордеев сирек кездесетін кәсіп иесі. Ол – аң-құстың тұлыбын жасайды. Таксидермист өз кәсібінің ерекшелігі жайында айтып берді.
                                              - Алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз...
- Петропавлдың тумасымын. Бұрын «Жас натуралистер» деген үйірме болатын, соған бірнеше жыл бардым, жануарлар әлеміне кішкентай кезімнен қызығамын. Кейін еліміздің оңтүстігі – Тараз қаласына көштім. Мұнда да үйде ит, көгершіндер, балықтар асырадым. Тоқсаныншы жылдары қайтып келіп, ауыл шаруашылығы техникумына «Зоотехник» мамандығы бойынша оқуға түстім. Екінші топ мүгедектігім бар.
- Неліктен таксидермиямен айналыса бастадыңыз? Сізге бұл істі кім үйретті?
- Өздігімнен үйрендім. Аң-құстың тұлыбын жасап жүргеніме биыл он жылдан асты. Бұл кәсіпті меңгеріп алу арманым болатын. Адам бір нәрсені қатты қаласа, табандылық танытса – қолынан келмейтін іс жоқ. Арнайы кітаптарды оқыдым. Талай рет қателесе отырып, тәжірибемді шыңдадым. Осылайша хобби табыс әкелетін кәсіпке айналды. 2015 жылы 1 млн теңге грант ұтып алып, жабайы жануарлар мен құстардың тұлыбын жасайтын шеберхана аштым. Берген ақшаға қажетті қондырғыларды, тоңазытқыш алдым. Қазір еңбектерімді облыстағы кей дәмханалардан, музейден көруге болады.
- Таксидермиядағы ең қиыны не? Жалпы тұлыпты жасау процесін айтып беріңізші...
- Ең қиыны – тұлыпты барынша жанды етіп көрсету. Анатомияны біліп, жануарлар туралы мол мағлұматың болуы қажет. Ең алдымен аңның немесе құстың терісі сыпырылып алынады. Ол май мен дәнекер тіндерден толық тазартылуы тиіс. Кейін бүлінбес үшін арнайы ерітіндімен өңделіп, иленеді. Әрине, өте ептілікті қажет ететін тұстары бар. Мысалы, басын айна-қатесіз жасау үшін еріндері мен құлақтарын мұқият тазалап, құлақ шеміршегін алып тастау керек, әйтпесе теріге зақым келуі мүмкін. Бұл істі атқару үшін тәжірибе, ұқыптылық және өткір құралдармен жұмыс істей білу қажет. Кейін манекені жасалады. Оны қазіргі уақытта арнайы тапсырыспен де жасатуға болады. Манекенге желім жағылып, тері кигізіледі де, содан кейін ол кептіріліп, көздері орнатылады.

- Бір экспонатты жасауға қанша уақыт кетеді – кішкентай құстан бастап ірі аңға дейін?
- Мысалы, шілді бір аптаның ішінде жасап шығуға болады. Қабанды да кейде бір апта ішінде жасап шығатын кезім бар. Ол көп нәрсеге байланысты, мәселен қолда қажетті материалдар жеткілікті болса. Терінің кебуі де уақыт алады. Еліктің тұлыбын жасауға екі апта уақыт жұмсаймын. Декоративті безендіруі де бар.
- Ең ерекше немесе есте қалған тапсырысыңыз бар ма?
- Әдетте аңшылар атып алған аң-құсын трофей-естелік етіп қалдырғысы келеді. Бірде автокөлік жүргізушісі еліктің басынан тұлып жасап беруімді сұрады. Оның өз себебі бар екен. Көлігін қымбатқа жөндетіп шыққаннан кейін жолда елікпен соқтығысып қалған. Жануар сол жерде өліп, ол машинасын қайтадан жөндеуге кіргізуге мәжбүр болған екен.

Тапсырыс түсіп, аюлардың тұлыбын жасау үшін шетелге де барған кезім болды.
- Қандай материалдар қолданасыз?
- Бұрын тұлып ішіне жаңқа салған екен. Мен қолда бар материалдарды - «синтепон», синтетикалық мамық, поролон, мақта, гипс, пенопласт, ағаш, оргшыны, сым қолданамын.
- Көбіне қандай жануарлармен жұмыс істейсіз?
- Ондатр, үйрек және қасқалдақтармен жұмыс істеймін. Өйткені олар торға жиі түседі. Түлкі тымақты қазір ешкім кие қоймайды, сол себепті ол шикізат ретінде көп, сондықтан түлкі тұлыбын да жиі жасаймын. Ал сирек кездесетін немесе экзотикалық түрлермен жұмыс істеп көрмеппін. Бірде тапсырыс берушінің тасбақаны әкелгені бар. Музейге сирек кездесетін қызыл жемсаулы қарашақаздың тұлыбын жасап бердім.
- Жұмыстан бас тартқан сәттеріңіз болады ма? Неліктен?
- Әрине, ауру немесе терісі бүлінген болса алмаймын, олардан жақсы тұлып шықпайды. Сосын тірі жануарды әкелсе, жарақаттанған немесе аң-құстың баласын әкелсе де бас тартамын, сондай ұстанымым бар, маған тірі жануар көбірек ұнайды.
- Жануарларды қайдан аласыз? Жалпы, жасаған бұйымдарыңызға сұраныс бар ма?
- Мен аңшы емеспін, тапсырыс берушілер өздерімен әкеледі, әдетте. Кейде сатып аламын. Иә, тапсырыс берушілер жеткілікті. Көбіне музейлер тапсырыспен жасатады. Шал ақын, Есіл ауданындағы музейлерде, Петропавлдағы ботаникалық бақта менің тұлыптарым тұр. Аңшылардан да жиі тапсырыс түседі.

- Шәкірттеріңіз бар ма?
- Әзірге жоқ. Үйренгісі келгендер болды, бірақ, ұзаққа шыдамайды. Өйткені шыдамдылық, табандылық керек. Жиіркенбейтін адам болуы тиіс. Сурет салудан да, мүсіншілік өнерден де хабары болғаны жөн. Яғни, талап жоғары. Менің де білмейтінім тоқсан тоғыз. Білімді үнемі жетілдіріп отырмасаң, заман ағымынан қалып қоясың. Сондықтан арнайы әдебиетті тапсырыспен аламын. Интернеттің де көмегі көп. Өңірде таксидермистердің қауымдастығы барын естімеппін. Бұл - сирек кездесетін мамандықтардың бірі.
Бұған дейін СҚО-да 16 жастағы жасөспірім бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнап, сурет салатынын жазған едік.