СҚО тұрғындары рұқсатсыз сауда жасағандары үшін жазалануда
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық полицейлер қалалық әкімдіктің қызметкерлерімен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша рейдтер өткізіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ішкі істер департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген жерде сауда жасауды, тұрғын үйлердің маңайындағы қоқыс үйінділері мен арам шөп басып кеткен жерлерді тексерді.
Жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Арыстан Сұлтанғазиевтің айтуынша, жеке де, заңды да тұлғаларда тексерілген. Жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты 5,8 мың дерек тіркелген. Мұндай жағдайда ескерту жасалады немесе жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Ғимараттарының алдындағы тәртіпті бақыламайтын, аумақты көркейтумен айналыспайтын кәсіпорын иелеріне қатысты 17 хаттама толтырылды.
Рұқсат етілмеген сауда нүктелері орналасқан жерлерде жағдай тіптен мүшкіл. Саудагерлер базарларда сауда жасаудан қашқақтап, сүт және саяжай өнімдерін сатуға арнап, өздері таңдап алған бұрыштардан кететін ойлары жоқ.
Жыл басынан бері полицейлер рұқсат етілмеген жерде саудамен айналысу бойынша 11 фактіні тіркеген. Тәртіп сақшылары саудагерлермен әңгіме жүргізгеннен кейін ескерту жасайды. Сондай-ақ, 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салу түріндегі заңмен қарастырылған жазаны қолдануға болады.