СҚО жолдарында биыл 16 адам мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы жол-көлік оқиғаларының 90% жүргізушілердің кінәсінен болған.

Биыл 2300 адам жол апатынан қаза тапты: Үкімет қандай шара қабылдап жатыр
Коллаж: Canva

Бұл туралы СҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин брифинг барысында айтты.

Полковниктің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, сондай-ақ көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 242 жол апаты тіркеліп, 16 адам көз жұмды, 330 адам түрлі жарақат алды.

Жол-көлік оқиғаларының 89,6% – жүргізуші кінәсінен болды. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 293 адам жарақат алған.

Жаяу жүргіншілерді қағудың 69 жағдайы тіркелді, 4 адам көз жұмды.

Балалардың қатысуымен болған апаттар саны – 56, 2 бала мерт болды.

Жол-көлік оқиғаларының 42-сі республикалық маңызы бар жолдарда болып, 11 адамның өмірі қиылды.

Ал қалалар мен елді мекендерде 4 адам мерт болған 189 жағдай тіркелді, - дейді Әлібек Ғабдуллин.

Полицейдің айтуынша, кей жүргізушілер көбірек табыс табу үшін жолда жарыс ұйымдастырып, жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

– Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, елді мекендерде рұқсат етілген жылдамдық – 60 км/сағ, ал автобустар үшін – 50 км/сағ. Бұл талапты бұзғандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – дейді Әлібек Ғабдуллин.

Ал «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Айыртау ауданында мас жүргізуші ұсталды. Ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Бұған дейін СҚО Бескөл ауылының маңында жүк көлігі соғып кеткен әйел көз жұмғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар