СҚО жолдарында биыл қыста 300-ден астам техника жұмыс істемек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері қыс мезгілі қарсаңында 9,3 мың шақырым автожолды тексерді.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жұмысты әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, жол иелерімен және мердігерлік ұйымдармен бірлесіп жүргізді.
Тексеріс барысында тәртіп сақшылары жол төсемі мен жол белгілерінің және қардан қорғайтын қалқандардың жай-күйін қарады, су өткізгіш құбырлардың қармен басылып қалмауына мән берді.
«Автомобиль жолдарына жауапты ұйымдардың биыл өткен қыстағы жағдайда ескергенін көріп отырмыз. Борандарда және көктайғақта жұмыс істейтін арнайы техника саны ұлғайтылды: республикалық маңызы бар жолдарда - 120, облыстық маңызы бар жолдарда - 108, аудандық маңызы бар жолдарда — 100 қар тазалау техникасы жұмыс істейді. Мердігер ұйымдар жеткілікті деңгейде құм-тұз қоспасы және химиялық реагент те дайындады», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне қыс мезгіліне дайындалып, қысқы шиналарды орнату қажеттігін еске салады.
«Ауа райы болжамын және төтенше жағдайлар қызметінің хабарламаларын қадағалаңыздар, көктайғақ қаупі туралы біліп жүріңіздер. Қолайсыз ауа райында сапарды кейінге қалдырыңыз, жол жүру қажеттігі болған жағдайда көрінуін ескере отырып, ықтималды жылдамдық режимін таңдаңыздар», - дейді Ерлан Мәдиев.
Бұған дейін СҚО-да аяз-боранда жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларды қабылдайтын 213 жылыту пункті жұмыс істейтінін жазған едік. Сондай-ақ жолдағы қауіпсіздік үшін Жол картасы қабылданып, оған сәйкес қалың қар жауған кезде әкімдік төтенше жағдайлар және полиция департаментімен келісім бойынша автожол учаскелерінде қозғалысты шектеу немесе жабу туралы шешім қабылдамақ.