СҚО жолдарында жыл басынан 28 адам мерт болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында интеллектуалды бейнекамералардың көмегімен жыл басынан 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір облыс аумағында полицияның автоматтандырылған 67 аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Мақсат — айыппұл салу емес, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Бейнекамералар жылдамдықты асырғанды, қарсы жолаққа шыққанды, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткенді тіркейді. Бұлардың барлығы жол апаттарының кең таралған себептері.
«Ақылды» камералар республикалық маңызы бар тасжолдарға, сондай-ақ Петропавл қаласындағы мектептердің, стадиондардың жанына, жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін қауіпті аймақтарға орнатылған.
Жалпы жыл басынан бері СҚО-да 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам мерт болды, 488 адам жарақаттанды. Ал кешендер орнатылған жерлерде ауыр салдары бар бірде-бір апат тіркелмеген.
Естеріңізге салайық, 1 қыркүйек күні жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, салдарынан 2 адам мерт болды, бесеуі ауыр жарақаттанды.
Ал Оралда полицейден қашқан тұрғын жол апатын жасап, жүргізушіні мерт қылғанын жаздық.