СҚО жылу-электр орталығындағы құлаған мұржаның орнына салынатын нысанның іргетасы құйылды

None
Фото: facebook.com/Айдарбек Сапаров
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы 2-ші жылу-электр орталығында болып, мұндағы жылыту маусымына дайындық барысын, жаңа мұржа құрылысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2-ші жылу электр орталығында болып, жаңа мұржаның құрылысы мен жөндеу жұмыстарын бақыладым. Келесі жылыту маусымына дайындық бойынша жедел кеңес өткіздім. Биыл кәсіпорын мұржа салуға, қазандықтарды жөндеуге, сондай-ақ электр және жылу желілерін жаңартуға 12 млрд теңге бөлді. Облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын әрдайым тексеруі қажет. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Бірлескен іс-қимылдың арқасында жұмыстардың дер кезінде аяқталуын қамтамасыз ете аламыз», - деп жазды Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта орталықтағы құлаған мұржаның орнына жаңасы тұрғызылып жатыр. Мамыр айының соңында нысанның іргетасы құйылып болды. Құрылысты жүргізіп жатқан мамандардың айтуынша, бетон құйылғаннан кейін топырақпен жанасатын жерлерде гидрооқшаулау жұмыстары жүргізіледі.

Маусым айының ортасында құрғаған жерге жылжымалы қалып орнатылады, содан кейін Өскемен қаласы «Қазтеплоспецстрой» ЖШС-нің 80 жұмысшысы темірбетон құбырының оқпанын салуға кіріседі.


Жобаға сәйкес, түтін мұржасы конус тәрізді болады, диаметрі – табанында 20,52 метр, шыңында 9,2 метр және 180 метрге көтеріледі. Жұмысты Петропавл қаласының «Строй центр Арсенал» ЖШС мердігерлік ұйымы атқарып жатыр. Ол айдың соңына дейін іргетасын толық дайындауы керек, ал маусым айының басынан бастап «Қазтеплоспецстрой» ЖШС жылжымалы қалыптарды монтаждауды және түтін мұржасын салуды бастайды.

Биыл темірбетон бөшкесін толығымен салу жоспарланған, ал №1 түтін мұржасы тек келесі жылдың жазында іске қосылады.

Естеріңізге салайық, былтыр 20 наурыз күні сағат 19:20-да Петропавлдағы жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлап, 5-ші қазандық агрегатын тоқтатуға тура келген еді.

Үйінді астында қалған әйелдің денесі екінші күні ғана табылды.

Арнайы сараптамадан кейін түтін мұржасын толық бұзу туралы шешім қабылданды.

Кейін Петропавл әкімі №1 түтін мұржасының құрылысы басталатынын айтты.

Нысан іргетасының құрылысы сәуір айында басталды.


Соңғы жаңалықтар
telegram