Сланец газын игермес бұрын қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет - Ш. Өтемісов

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат -  Елімізде сланец газын барлау мен өндіру жұмыстарын бастамастан бұрын қолданыстағы заңдарға  тиісінше өзгерістер енгізу қажет.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Шавхат Өтемісов осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік энергетикалық нарықта баламалы энергия көздерін, сланец газын кеңінен қолдануға және көмірді пайдаланудың жаңа технологияларын енгізуге байланысты елеулі өзгерістер болып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылда АҚШ-та газдың бағасы үш есеге дейін төмендеп, бұл энергетикалық саясатты және нарықтағы бәсекелестікті түбегейлі өзгерткен. Еуропалық Одақта баламалы энергетика бағдарламасын жүзеге асыру Еуроодақ елдерінде газды тұтыну мөлшерінің қысқаруына алып келсе, ал Польша  қазақстандық кен орындарына ұқсас көмір кен орындары айналасындағы сланец газдарын кеңінен игеруде.

«Қазақстанға келсек, Үкімет орын алып жатқан өзгерістерге лайықты ден қою мақсатында алдын ала іс-қимылдар жасауда. Осы жылдың басында  энергетика мәселелеріне арналған Үкімет отырысында  көмір кен орындары айналасындағы сланец газдарын іздеу жұмыстарын жүргізуге және сланец газдары кен орындарын игеру тәжірибесі бар әріптестерді табуға тапсырма берілген еді. Алайда Үкімет тарапынан экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізуге бастама жасалмауы, бұл жұмыстардың қарқыны қойылған міндеттердің өзектілігіне сай еместігін көрсетеді. Осы мәселелер  шешілмейтін болса,  геологиялық-барлау жұмыстарын шұғыл бастау да күмән тудырады. Өйткені сланец газын өндіру жерасты суларын ластау бойынша елеулі экологиялық тәуекелдермен байланысты», - дейді Шавхат Өтемісов.

Оның пайымынша, сланец газын барлау мен өндіру жұмыстарын бастамастан бұрын, табиғат пен жер қойнауының ластануын болдырмас үшін Экологиялық кодекске, «Жер қойнауы туралы» Заңға және басқа да көптеген заңдарға  тиісінше өзгерістер енгізу қажет.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум