Словакия ЕО-мен визалық режімді ырықтандыру мәселелерінде Қазақстанды қолдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Братиславада Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақ тарапынан визалық режімді ырықтандыру мәселелері бойынша қазақстандық-словакиялық консультация өтті.
None
None

Қазақстан делегациясы словакиялық әріптестеріне Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер үшін визалық режімді оңтайландыру және оңайлату, Қазақстанның сыртқы шекараларын техникалық жетілдіру және нығайту, көші-қон саясаты, биометриялық паспорттар әрекеті, ЕО елдерінде және шетелде ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі айтты.

Словакиялық әріптестер ЕО талаптарымен визалық саясат саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша Ұлттық шаралар жоспарын іске асыру бойынша Қазақстан ведомстволарының жұмыс нәтижелеріне баса ден қойды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінде.

Словакия СІМ консулдық департаментінің директоры Игорь Покойный осы мәселеде қазақстандық тараптың жетістігін жоғары бағалады. Словакиялық дипломат Еуропалық одақпен визалық режімді ырықтандыру мәселелерінде қазақстандық тараптың көп жылдық күш-жігерін ресми қолдайтынын айтты.

Еске салсақ, ырықтандыру үрдісі Еуропалық одақ еліне виза алу үшін біздің азаматтарға берілетін құжаттар санын қысқартуға, әкімшілік, визалық талаптар мен рәсімдерді оңайлатуға бағытталды.

Белгілі болғандай, бұл үрдіс ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен күшейтілді.

ҚР делегациясы құрамында Словакиядағы Елші Сержан Әбдікәрімов, СІМ консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев, ІІМ көші-қон полициясы департаментінің визалық жұмыс басқармасының басшысы Евгений Щербаков, ҰҚҚ ШҚ шекаралық бақылау басқармасының басшысы Марат Мағжанов болды.

Соңғы жаңалықтар