Словакияда ұшақ құлады: қаза тапқандар бар
АСТАНА. KAZINFORM — Қайғылы оқиға Словакияның оңтүстігінде, Нове Замки елді мекенінің жанындағы Каменный Мост ауылында болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, апат сенбі күні түстен кейін, шамамен сағат 14:00-де болған. Екі адам отырған шағын спорттық ұшақ биіктігін жоғалтып, екі ангардың арасына құлаған.
Құтқарушылар дереу оқиға орнына жеткен. Бірақ екі адам сол жерде қаза тапқан: 41 жастағы ұшқыш, кәсіби әскери қызметкер және 32 жастағы ер адам. Құтқарушылардың жедел әрекетіне қарамастан, келген дәрігер олардың екеуінің де көз жұмғанын растады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Ұшақ иесінің отбасына арналған экскурсия болуы мүмкін деген болжам бар.
Еске сала кетейік, биылғы жазда Қазақстанда екі шағын әуе кемесінің апаты тіркелген болатын.